Қазақстан мен Конго арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл

Рейтинг
03.08.2024, 10:31

Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессоны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Екі ел Президенті ресми делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Конгоның әнұрандары орындалды. Одан әрі мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, бұл сапар екі ел арасындағы экономика, саясат, дипломатия салаларындағы ынтымақтастықты дамытып, достық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірілді.

Қазақстан мен Конго арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл

Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективалары жан-жақты талқыланып, халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Одан әрі, екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіліп, дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аясындағы сапар барысында елдер арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конгоны Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарайтындығын айтып, екі ел арасындағы қашықтыққа қарамастан, өзара байланысты дамыту, әсіресе ауыл шаруашылығы, сауда-экономика, тау-кен, көлік-логистика, жаңа технологияларды және ғарышты игеру бағыттары бойынша ықпалдастықты жандандыру қажеттілігіне тоқталды.

Сонымен қатар, Президент осы сапар аясында қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіндігін айтып, бұған дәлел ретінде Конгоға Елші тағайындалатынын атап өтті. Бұған дейін Қазақстанның Эфиопиядағы елшілігі Конгоныда қамтып келген.

Өз кезегінде  Дени Сассу-Нгессо дипломатиялық өкіл тағайындау екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсетінін айтып, бірлескен жобалар бойынша елдер үкіметтері бірқатар келісімдер әзірлегендігіне тоқталды.

Сонымен қатар Дени Сассу-Нгессо еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Конгоға ресми сапармен келуге шақырды.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Конго Президенті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасап, еліміздің Президенті шақыруды қабыл алып, елімізге ресми сапармен келгені үшін Конго Президентіне ризашылығын білдірді.

Бүгінде халықаралық саясатта Африка мемлекеттерінің рөлі артып отырғандығына тоқталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарға 25 жыл аясында тығыз қарым-қатынас орнағандығын атап өтті.

Екіжақты келіссөздерге тоқталған еліміздің Президенті ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, екі елдің табиғи ресурстарының бай болуына байланысты Қазақстанның кәсіпкерлері тау-кен саласын зерттеуге әзірлігі, Қазақстаннан Конгоға дәнді-дақылдар экспорттау мәселелері талқыланғандығын айтты.

Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа тоқталған Мемлекет басшысы Пуэнт-Нуар портының мүмкіндіктері мен Қазақстанның осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделілігене тоқтала келе, еліміздің экономикалық мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында Конго Республикасының басшылығы мен кәсіпкерлерін алдағы жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырғанын атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық байланыстардың маңыздылығына тоқтала келе, Конго жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға шақырғанын мәлімдеді.

Жаһандық және қауіпсіздіктегі ең басты мәселе – климаттың өзгеруі бағытында бірлесе жұмыс жасау келісілген.

Келіссөздер барысында энергетика саласына да ерекше назар аударылып, Конго экономикасы мұнай өнеркәсібіне негізделгенін ескере отырып, қазақстандық операторларға Конгоның энергетика секторы зор мүмкіндіктер беруге әзір екендігі айтылды.

Айта кету керек, Конго Африка елдері арасында мұнай өндіру бойынша алтыншы орында тұр.

Одан бөлек, Конго Президенті Астана халықаралық қаржы орталығы мен «Самұрық» әл-ауқат қоры қызметіне қызығушылығын білдіріп, осы тұрғыдағы қор ашуға ниетті екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, екі ел арасында дипломатиялық мақсатта қатынайтындар үшін визасыз режим енгізілді.

Тарихи маңызға ие сапар барысында 10 құжатқа қол қойылды.

Соның бірі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Конго Республикасының Пошта, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі өзара түсіністік туралы маңызды меморандумға қол қойды.

Бұл меморандум цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, цифрлық саланы дамыту бойынша білім алмасу, киберқауіпсіздікті арттыру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Одан бөлек, екі ел Үкіметтері арасында дипломатиялық паспорт иелерін виза талаптарынан өзара босату туралы келісімге, Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар туралы меморандумға, Энергетика министрліктері арасында электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «National Petroleum Company of the Republic of Congo» арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және тағы да басқа құжаттарға қол қойылды.

Сұхбат

PhotoRoom