Тоқаев Эмомали Рахмонды президент болып қайта сайлануымен құттықтады

Саясат
12.10.2020, 15:36
Тоқаев Эмомали Рахмонды президент болып қайта сайлануымен құттықтады
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды Тәжікстан президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, сайлау қорытындылары оның стратегиялық бағытына деген жоғары сенім мен бүкілхалықтық қолдаудың белгісі екенін атап өтті.

Әңгімелесу барысында Тоқаев Тәжікстан президентінің екі ел арасындағы берік достық байланыстарды және стратегиялық әріптестікті дамытуға зор үлес қосқанын айтты. Сондай-ақ бауырлас екі халықтың мүддесі жолында күш-жігер біріктіру арқылы көпжақты қазақ-тәжік ынтымақтастығы жаңа белестерге көтерілетініне сенім білдірді.

Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша бірлескен жұмысты белсенді жалғастыруға дайын екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық серіктестікті нығайту және қазақ-тәжік қатынастарына тың серпін беру мақсатында Эмомали Рахмонды өзіне ыңғайлы кез-келген уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Еске сала кетейік, Тәжікстанның қазіргі президенті Эмомали Рахмон 11 қазанда өткен президент сайлауында жеңіске жетті. Республикалық орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, оған сайлаушылардың 90,92%-ы дауыс берген.

Сұхбат

PhotoRoom