Елімізде халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойыны өтуде

Рейтинг
06.08.2024, 20:31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваны қабылдап, білім беру, ақпараттық-идиологиялық, жастар саясаты, мәдени гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Еліміздің Президенті екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарға тоқталып, халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойынының Қазақстанда өткізілуіне қолдау білдіріп, осы тұрғыдағы іс-шаралар халықтардың бірлігін арттыра түсетінін атап өтті.

Елімізде халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойыны өтуде

Астанада өтіп жатқан халықаралық интеллектуалдық ойынның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен Саида Мирзиёева қатысып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастыққа кеңінен тоқталып, Zakovat жобасы екі ел арасын жалғайтын көпірлердің біріне айналғанын атап өтті.

Ерлан Қарин елімізде білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары өкілдерінің мәртебесін көтеру, жас ғалымдарға көрсетілетін қолдаулар мен Президенттік жастар кадрлық резерві туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде білім, ғылым, оқу бағыттарында күш біріктіру арқылы ортақ жетістіктерге жету мүмкіндіктерін айтты.

Өзбекстан тарапы екі мемлекетке тән салт-дәстүр, мәдениет, тарих, дін, қонақжайлылық секілді ортақ дүниелер көп екендігін жеткізді.

Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан мен Өзбекстанның командалары кездесті. 2023 жылы халықаралық интеллектуалдық қозғалысқа айналған Zakovatтың тұрақты мүшелерінің саны 500 мыңға жетіп, 7 мыңнан астам ойындар ұйымдастырылып, 156 250 команда қатысқан.

Қазақстандық команда бүгінде елімізде интеллектуалдық ойындардың қарқынды дамып келе жатқандығын, әр өңірде халықаралық деңгейдегі ойындарға қатысушы командалардың біршама екендігін жеткізді.

Zakovat-тың ерекшелігі жас талғамына қарамай, барлық қатысушыларға тең дәрежеде тапсырма берілетіндігінде болса, бұл өз кезегінде әр ойынға қатысушы азаматтарға біліктілігі мен білімін тексеруге, шыңдалуға үлкен мүмкіндік береді.  

Айта кету керек, 20 жылдық тарихы бар ойында Қазақстан командасы 2022 жылы мықты өнер танытып, кубокты жеңіп алған болатын.

Одан бөлек, Астанада сауда-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усмановтың қатысуымен Қазақстан-Өзбекстан саяси консультациялары өтті.

Сондай-ақ, кездесуде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапарын жоғары деңгейде өткізу талқыланды.

Ал, аталған мемлекеттік сапар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрші елдің бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылып, онда ағаштан жасалған бұйымдар, тоқылған жібек, түрлі қолөнер шеберлерінің жұмыстары, керамика, жалпы 180-нен астам жұмыстар ұсынылды. Бұл көрме 8 тамызға дейін жалғасатын болады.

Биылғы жылдың 6-7 тамызында «Chaplin» кинотеатрында Өзбекстан кино күндері өтіп, қазақстандықтарға 2 фильм тегін көрсетілуде. Оның бірі Өзбекстан мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, көрнекті ақын Абдулла Ориповтың өмірі мен шығармашылығы, балалық, жастық шақтары мен мәдениетке қосқан үлесі туралы түсірілген режиссер М.Эркиновтың «Абдулла Орипов: Тәуелсіздік әншісі» киносы.

Ал екіншісі отбасылық құндылықтарды, ата-ана мен бала арасындағы сүйіспеншілікті дәріптейтін «Жаса, әйел!» комедиясы.

Айта кету керек, 7-8 тамыз күндері Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапары жоспарланған.

Сұхбат

PhotoRoom