Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевпен шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты, одақтастықты нығайту бағыттарын қарастырды.
Аталған сапар аясында Қазақстанда халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойыны, Қазақстан-Өзбекстан саяси консультациялары, бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі, Өзбекстан кино күндері ұйымдастырылды.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің ұйымдастыруымен екі мемлекет арасындағы сауда байланысын жандандыру, кәсіпкерлермен тығыз байланыстар орнатып, түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Қазақстан-Өзбекстан» бизнес форумы өтті.
Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өткен жылғы көрсеткіштер бойынша Өзбекстан еліміздің 7-ші орында тұрған ірі сауда серіктестерінің бірі екендігіне тоқталды. Соңғы бес жылдағы тауар айналымы 29%-ға өсіп, 2022 жылы 5 млрд доллар көлеміне жетсе, бұл көрсеткіштерді 10 млрд долларға арттыру бойынша сауда айналымының жаңа көздерін ашу жолдары қаралды.
Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Джамшид Ходжаев еліміз Өзбекстанның негізгі экономикалық серіктестігі екенін атап өтті.
Аталған форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қатысып, облыстың көрші елмен сауда қатынасы, туризмді дамыту бағыттарында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Республикада көршілес орналасқан өңір ретінде Өзбекстанмен сауда қатынастары қарқынды дамып, 2023 жылы тауар айналымы 422 млн АҚШ долларын, оның ішінде экспорт көлемі 253 млн АҚШ долларды, ал импорт 169 млн АҚШ долларын құраған.
Одан бөлек, облыс Хорезм, Ташкент, Ферғана, Сырдария, Жизақ және Самарқанд облыстарымен меморандумға қол қойған.
Түркістан облысы құрылған сәттен бастап экономикаға 4,3 трлн инвестиция тартылып, 200-ден астам жоба іске қосылған.
Облыста өзбекстандық 40-қа жуық компания жұмыс жасап, бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Олар «Global Textile» ЖШС Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру, «Qazaq Zhibek» қауымдастығы Жібек кластерін құру болып табылады. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылып, облыс экономикасына 65 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту мүмкіндігі бар.
Форумда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары аумақтың туристік мүмкіндіктеріне, инвесторларға көрсетілетін қолдауларға тоқтала келе, көрші елден келген кәсіпкерлерді тоқыма, тамақ және машина өндірісі, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 30 гектар алқапта шағын өнеркәсіптік парк салынуда, тіпті І-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылған. Одан бөлек, кедендік жеңілдіктер мен инрақұрылымы бар жер телімдері бар «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған.
Жалпы айтқанда, инвесторлар үшін аймақта қолайлы бизнес климат қалыптастырылған.
Форум аясында Түркістан өңірінің атынан Нұралхан Көшеров пен «Узтекстильпром» қауымдастығының төрағасы Мирмухсин Сұлтанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тоқыма және тігін-тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығына 2 мыңға жуық өнеркәсіп мүшелік етсе, оның 1522-сі тігін және трикотаж, ал 448-і тоқыма, 6-ы машина жасау кәсіпорындары болып табылады.
Одан бөлек, «ҚАЗАҚ ЖІБЕК» қауымдастығы Өзбекстанның Жібек және жүн өнеркәсібін дамыту комитетімен Жібек кластерін дамыту жобасын бірлесіп жүзеге асыру бойынша 2024-2029 жылдарға инвестициялық келісімшарт жасасты.
Сонымен қатар, дәнді дақылдарды өсіруге арналған суды үнемдейтін технологиялар мен суспензияларды енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға «Юпитер-М» ЖШС мен «Самарқанд ирригация жүйесі» ЖШС меморандумға тұрды.
Айта кету керек, аталған форумға екі елдің ірі кәсіпорындары мен ұлттық комапниялардың, мемлекеттік органдардың 450-ден астам өкілдері қатысты.