Қазақстанда «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасына қол қойылды

Рейтинг
10.08.2024, 13:09
Қазақстанда «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасына қол қойылды

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі өтіп, бұл кездесулердің аймақтық ынтымақтастықтың дамуына әсері талқыланды.

Кездесуде бірлескен жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері шешімін тапқан.

Бірдей өркениеттер тоғысқан Орталық Азияның мемлекет басшылары аймақтық ынтымақтастықты дамытуда барынша күш-жігерлерін салып, өңірдің әлемдік прогрессте атқаратын рөлін күшейтуде.

Еліміздің аталған Консультативтік кеңесте төрағалығы аясында экономикалық және қауіпсіздік серіктестікті арттыруға, қоғамда әйелдердің рөлін күшейтуге және басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, кездесуде халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырауы қауіпті құбылыс екені хабарланып, бұл ретте аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызы айтылды.

Соңғы жылдардағы мемлекеттік сапарлар нәтижесін беріп, аталған аймақтағы мемлекеттердің арасындағы достық, татулық, көршілік қарым-қатынастар жақсы дамыған. Сол себепті де әлемдегі жетекші елдер «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуда.

Бүгінде өңір ішіндегі сауда айналымы 11 млрд долларға жеткен. Осы ретте  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тауар айналымын дамытып, экономикалық базаны жетілдіріп, айналымды 15 млрд-қа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Қырғызстанда Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысы секілді бірлескен ірі инфрақұрылымдар мен құрылыс жобалары жүзеге асырылуда.

Одан бөлек, көлік, ауыл шаруашылығы, логистика, химия өнеркәсібі мен тоқыма салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында жаңа келісімдер жасау ұсынылды.

Көлік-транзит бағытында аумақтағы барлық мемлекеттердің қатысы бар Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік-Оңтүстік дәлізі» мен «Бір жол, бір белдеу» бастамалары жүзеге асырылуда. «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» магистралінің әлеуеті артуда.  

Ал, еліміз бұл салада 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлауда.

Тағы бір маңызды міндет ретінде су-энергетика ресурстарын тең пайдалану, суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу аталды.

Аталған елдерге су-энергетика консорциуымын құру, гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайта түседі.

Еліміздің Президенті Қазақстан білім, ғылым, мәдениет, адами капиталды дамыту салаларындағы бесжақты ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті.

Бүгінде осы аймақтағы елдерден 9 мыңға жуық студент Қазақстанда білім алса, еліміз шет мемлекеттердегі танымал университеттермен бұл бағыттағы серіктестікті дамытуда. Елімізде шет елдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда.

Президент зерттеу университеттерінің, технопарктердің саны көбейіп келе жатқанын айтып, Орталық Азия елдерінің жастарын елімізде білім алуға шақырды.

Осы кездесуде медиаөнімдерді әзірлеу және тарату мүмкіндіктері қарастырылып, ортақ тарихи сюжеттерді әзірлеп, телеарналардан көрсету, халықтардың ынтымағы мен достығын дәріптеу жолдары қарастырылды. Бұл бағытта Орталық Азия елдері арасында телехабар тарату саласындағы келісімді әзірлеу ұсынылды.

Елдердің болашағы халықтар арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа негізделгеніне сенім білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев,  «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласы берік ұстанатындығын хабарлады.

Консультативтік кездесуде Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінің Президенттері сөз сөйлеп, жиын соңында Мемлекет басшысы Консультативтік кездесудің келесі отырысына төрағалық ететін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке табысты атқаруға тілектестігін білдірді.

Жиын соңында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, VI Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесіне, «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, «Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Құрмет белгісімен марапаттау туралы» шешіміне қол қойылды.

Одан әрі, Консультативтік кездесу кеңейтілген құрамда жалғасып, оған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысты.

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Консультативтік кездесудің 2018 жылғы алғашқы отырысынан бері бірлескен жұмыстардң нәтижесінде атқарылған жұмыстар талқыланды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Орталық Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынды.

Экология мен климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастыққа басым бағыт берілетіндігі айтылып, биылғы жылдың күзінде Әзербайжанда ұйымдастырылатын COP29 жаһандық климаттық конференциясын табысты өткізілуіне тілектестігін білдірді.

Жиында құрметті қонақ ретінде қатысқан Ильхам Әлиев пен Каха Имнадзе сөз сөйледі.

Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Құрмет белгісімен марапатталды.

Айта кету керек, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысуға келген Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан Президенттері арнайы ұйымдастырылған «Достық кеші» гала-концертіне қатысты.

Мемлекеттер басшылары Қазақстанның суретшілері мен Орталық Азия елдерінің бейнелеу өнері шеберлерінің еңбектері қойылған «Шығармашылық жаңғырығы» көрмесін тамашалады.

Одан бөлек, концерттік бағдарлама аясында қонақ елдердің әндері мен билері орындалып, ұлттық аспаптар ансамблі «Достық дивертисментін» ұсынды.

Сұхбат

PhotoRoom