Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп, көпжақты серіктестікті дамыту жолдарын талқылады.
Бүгінде екі ел Үкіметі сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізу бойынша белсенді жұмыс жасауда. Қазіргі таңда энергетика, көлік, логистика, өнеркәсіп, мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстанға биыл күзде шақыра отырып, Сердар Бердімұхамедов Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысуға шақырды.
Бұл ретте, Қазақстан-Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың персективаларын талқылау, экономикалық ахуал туралы пікір алмасу, энергетика саласындағы серіктестікті талқылау мақсатында еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасарлары Батыр Атадаевпен және Баймырат Аннамаммедовпен кездесті.
Соңғы 5 жылда екі ел арасындағы сауда айналымы 4 есе артып, соңғы жылдың өзінде 28 пайызға өссе, биылғы жылдың 6 айында $237,2 млн-ды құраған.
Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық тату-көршілік рухта және әріптестік бағытта қарқынды дамып келеді.
Көлік саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында еліміздің вице-премьері Серік Жұманғарин мен Түрікменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің бас директоры Мамметхан Чакыев кездесті.
Кездесуде екі ел арқылы өтетін Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытын дамыту, Пәкістан, одан әрі Үндістанға баратын жүк тасымалын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Айта кету керек, биылғы жылдың шілдесінде аталған дәлізді дамыту мақсатында Қазақстан, Ресей, Түрікменстан және Иран жол картасына қол қойып, Ауғанстан темір жолының «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» учаскелерін салу, қазақстандық өндірістегі бекіткіштерді тасымалдауды қамтамасыз ету қаралды.
Сонымен қатар, тараптар Тургунди-Герат теміржол құрылысында туындаған мәселелерді, Қытай бағытында жүк тасымалдауды жандандыруды талқылады.
Ал, Душанбеде Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров бастаған делегация жастар саясатындағы негізгі мәселелерді талқылауға бағытталған Қазақстан-Тәжікстан жастарының форумына қатысты.
Аталған форумға жастар қозғалысының көшбасшылары, кәсіпкерлер, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Халықаралық іс-шарада мемлекеттердің болашағындағы жастардың рөлі, өзгерістер мен жаңашылықтарды енгізудегі жастарға берілетін мүмкіндіктер мен қолдаулар, мелекеттер арасындағы жас ұйымдардың өзара ынтымақтастығы, волонтерлік қозғалыстар, жас кәсіпкерлер мен стартаптарды дамыту, жастардың мәселелерін шешудегі бірлескен жоспарлар мен стратегиялар талқыланды.
Нәтижесінде ынтымақтастық туралы қарарға қол қойылып, бірлескен жоспарларды жүзеге асыру жолдары қаралды.
Дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жылдан астам уақыт аралығында екі мемлекетте елшіліктер ашылса, Түрікменбасшы қаласында Қазақстан консулдығы, ал Ақтауда Түрікменстан консулдығы бар.