Еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астанаға арнайы сапармен келген Тайланд Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары Пхамтум Вечайячаймен кездесіп, екі мемлекет арасындағы сауда көлемін арттыру, елімізден экспортталатын тауарларды ұлғайту, туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Өткен жылғы екі ел арасындағы тауар айналымы 367 млн долларға жетсе, оның ішінде қазақстандық өнімнің экспорты 55,3 млн долларға артқан. Бұл кездесуде Қазақстаннан экспортталатын тауарлар санын көбейту қарастырылып,еліміз көкөніс, жеміс, ет, дәнді дақылдар мен басқа да агроөнеркәсіп кешенін жеткізуге мүдделі екендігі айтылды.
Ал туризм бағытында өткен жылы Қазақстаннан келетін туристер саны 3 есеге өскен.
Аталған сапар аясында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Таиланд Корольдігінің Премьер-министрінің орынбасары - сауда министрі Пхумтам Вечайячай екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы еліміздің негізгі серіктестерінің бірі болып табылатын Таиландпен келісімге қол қою, экономикалық қатынастарды тұрақты негізде дамытуға бағытталған.
Қазақстан тай инвесторларына бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар, салық пен кедендік баж салықтарынан босату мүмкіндіктерін қарастырса, инвесторларды тарту арқылы жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуды көздеуде.
Бүгінде еліміз ауыл шаруашылығы, минералды ресурстарды, химия, металлургия өнімдерін қоса алғанда, 100-ден астам тауарларды эскорттауға әлеуеті жеткілікті.
Өнеркәсіп саласында мата, қой жүнін қайта өңдеу, аяқ киім салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ.
Таиландтан елімізге машиналар, автомобильдер мен оның бөлшектері, зергерлік бұйымдар, асыл тастар мен медициналық жабдықтар эспортталады.
Тайланд Үкіметі туризмдегі оң өзгерістерді атап өтіп, өз кезегінде қазақстандықтар үшін визасыз режим ұсынды.
Биылғы жылдың сәуір айында Бангкокқа сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тайландтық әріптесі Панпри Пхиттхануконмен кездесуінде Пхукетте консулдық ашу мәселесін көтеріп, тараптар келісімге келген болатын. Сонымен қатар, екі мемлекет арасында қосымша тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндіктері де қаралған.
Тайландық делегация Қазақстанға сапары барысында да аталған мәселені көтеріп, консулдықтың ашылуы сол елде жүрген жерлестерімізге қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.
Ал, сауда қатынастарын дамыту мақсатында Қазақстанда сыртқы саудаға жәрдемдесу жөніндегі Таиланд өкілдігін ашуды ұсынды.
Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Таиланд арасындағы инвестиция көлемі 100 млн долларды құраса, 2017 жылы еліміз ЕАЭО бойынша Таиланд серіктестерінің рейтингінде екінші орынды иеленген.
Сауда қатынастарын дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында қазақстандық кәсіпкерлерді Таиландта өтетін сауда көрмесіне қатысуға шақырды.
Айта кету керек, Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетов Таиланд Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры Сасирит Тангулратпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың оң динамикасын атап өтіп, ресми тұлғалар мен іскер топтардың сапарларын өзара ұйымдастыруды талқылады. Сондай-ақ, туризмнің дамуы аясында азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдау қаралды.
Биыл еліміз алғаш рет Таиландта өткен Азиядағы ең ірі «Thaifex Anuga Asia – 2024» тамақ және сусындар көрмелеріне қатысып, тауарларын таныстырды.
Әлемнің 50-ден астам елдері қатысқан көрмеге 3200 экспонент қатысты. Көрменің ашылу салтанатына Қазақстанның Таиландағы елшісі Арман Исетов, KazThaiAlliance» қоғамдастығы өкілдері мен Тай сауда палатасының басшылығы қатысты. Көрмеде Қазақстанның азық-түлік және агроөнеркәсіптік өнімдерінің кең түрлері ұсынылды.
Бангкокқа ресми сапары барысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу тайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.
«Really Cool Airlines» әуекомпаниясы басшылығымен кездесуде көлік байланысын арттыру, оның ішінде, ірі қалаларды байланыстыратын тікелей әуе рейстерін ашу мәселелерін қарастырды.
Тағам өнеркәсібіндегі серіктестік Таиландтағы ең ірі ұн өнімдерін өндіруші «Thai President Foods» компаниясының басшылығымен кездесуде талқыланды.
Теңіз өнімдерін елімізге және Орталық Азияның басқа да елдеріне жеткізу мақсатында «Sea Value» компаниясы басшылығымен кездесіп, онда қазақстандық нарыққа инвестиция салуды көздеген компания, болашақта өз өндірісін Қазақстанда ашу мүмкіндіктерін қарастырмақ.
«Bangchak Corporation» Тай энергетикалық компаниясымен кездесуде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық пен еліміздегі энергетика және минералдық ресурстарды өндіру саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру талқыланды.
Тайлық компанияға Қазақстанның мұнай-газ саласындағы жетістіктерімен қатар, инвесторларға көрсетілетін мүмкіндіктер мен қолдаулар таныстырылды.
Айта кету керек, жыл басында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға жұмыс сапарымен келген Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрінің орынбасары Джаккапонг Сангманиді қабылдап, тараптар ауыл шаруашылығы, туризм, сауда қарым-қатынастарының даму қарқынын оң бағалап, екі мемлекет азаматтары үшін визалық режимді жеңілдетуді қарастырған болатын.
Сонымен қатар, Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрінің орынбасары Джаккапонг Сангмани бастаған құрамына денсаулық сақтау, білім беру, тамақ өнеркәсібі, консалтинг салаларын қамтитын 10-нан астам кәсіпкерлер енген тай делегациясының Қазақстанға сапары ұйымдастырылды.
Қазақстан тарапынан еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева қарсы алып, тайлық делегацияға Үкімет тарапынан көрсетілетін инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағын талқылап, «Сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы (QazTrade) мен Таиландтың Сауда кеңесі арасында Сауданы дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сауда-экономикалық серіктестікті дамыту бағытындағы кездесу Бангкокте де ұйымдастырылып, онда Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетов Таиландтың сауда өкілі - Таиланд Премьер-Министрінің сауда мәселелері жөніндегі Кеңесшісі Налини Тависинмен кездесті.
Ал Таиландтың Сыртқы істер министрлігінде 60 тай кәсіпкерлерінің қатысуымен Қазақстанның инвестициялық және сауда мүмкіндіктері тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Бұл семинарда 30 жылдан астам уақыт ішінде туризм, ауыл шаруашылығы, сауда қатынастарындағы жетістіктер талқыланып, әріптестікті арттыру үшін қосымша бағыттар қарастырылды. Сонымен қатар, еліміздің инвестициялық әлеуеті, бұл бағыттағы ынтымақастықтың артықшылықтары, инвестиция салу мүмкіндіктері, Қазақстан мен Таиланд кәсіпкерлері арасындағы қарым-қатынасты дамыту жолдары таныстырылды.
Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі ең ірі серіктес болып табылатыны хабарланды.
Екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл ішінде Қазақстанның Таиландтағы елшілігі, ал 2012 жылдан бастап Таиланд Корольдігінің еліміздегі елшілігі ашылды.
Екі жақты жоғары деңгейдегі кездесулердің нәтижесінде түрлі салаларда, атап айтқанда сауда-экономикалық, туризм, мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастық қарқынды дамуда.