ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ӘЛЕУЕТІ

Рейтинг
16.08.2024, 15:46
ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ӘЛЕУЕТІ

Шымкентте жаңадан бой көтерген «Tulip Hall» мәдени орталығында үшінші шаһардың ұстаздар қауымы бас қосты. Дәстүрлі тамыз кеңесі биыл  «Digital kazakhstan:жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өтті.  Алқалы жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысып, мұғалімдерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Қазіргі уақытта жасанды интеллект күн санап кең таралуда. Жасанды интеллектті қолдану арқылы оқытудың мазмұны мен әдістері бүгінгі күні ХХІ ғасырдың қажеттіліктеріне көбірек сәйкес келетін жаңа форматқа енуде. Білім саласында да аталмыш жаңалық дендеп еніп дамуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында цифрландырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы ІТ секторында жасанды интеллект технологиялары бойынша жетекші ел болу мәндетін алға қойған еді. 
– Мемлекетіміз әрдайым білім саласына қолдау көрсетіп келеді. Бұл тұрғыда қаламызда атқарылған ілкімді істер жетерлік. Қазақстан жалпы цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. ХХІ ғасырда цифрлық технологиялар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануы негізгі талаптардың бірі. Бұл әрбір білім алушының, педагогтың және білім беру ұйымдарының оқу процесін жетілдіру үшін сөзсіз қажет. Жастардың білімді болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар мұнымен бітпейді. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар үздіксіз жалғаса береді, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде.
Шаһардың бас ұстазы Нұргүл Шәмшиева былтыр қаламызда 17 300 орынды 12 мектептің құрылысы басталып, биыл аталмыш білім ордалары толығымен аяқталып пайдалануға берілетінін жеткізді.  Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ. 
Шаһар басшысы 2023-2024 жылы білім саласында жетістікке жеткен ұстаздар қауымына Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыстады. Жалпы, өткен оқу жылы шымкенттік білім саласының мамандары үшін табысты жыл болды десек те болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамуының жаңа моделі енгізіліп, «Ойын арқылы оқыту қағидаты» негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілді. Сонымен  қатар, цифрландыру жағдайында мектепке дейінгі бала тәрбиесі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзивті білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша баяндамалар жасалды. Түрлі елдердің озық тәжірибесінен жинақталған құнды ақпараттар ұсынылды. Сондай-ақ тамыз кеңесінде мұғалімдердің назарына арнайы көрме ұйымдастырылды. Жалпы, жасанды интеллект еліміздің білім беру жүйесіндегі сапалы өзгерістердің катализаторы болу әлеуеті бар. Бұл оқушылардың сыни ойлау дағдыларын, бейімділік пен шығармашылықты дамытуға ықпал етеді.

Сұхбат

PhotoRoom