Қанатын кеңге жайған кәсіпкерлік саласында қолға алынып жатқан түрлі жобалар бүгінде бұл салаға деген қызығушылықты одан ары арттыра түсуде. Қазірдің өзінде қолға алынған ауқымды жобалар қатарында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бар. Аталған жобаға қатысып жатқан кәсіпкерлер бүгінде өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынып, жарнамасын жақсы үйлестіруде. Жобаның басты міндеті – қала тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Міне осы орайда Шымкентте «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға жалпы 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынды.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова ұсынған ақпаратқа сай, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы еліміздің барлық өңірінде іске асырылып келеді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті шикізаттан өнім өндіріп, сол кәсіпкерлікті дамыту қызметіне бағытталған. Ол бәсекеге қабілетті кемінде бір өнім өндіру тұжырымдамасына негізделген. Бұл жоба ХХ ғасырдың 70-жылдары Жапонияда басталған. Мұндағы мақсат – бір елдімекен немесе бір кәсіпкердің бәсекеге қабілетті, белгілі бір өнім өндіріп, нарыққа шығаруы. Осылайша бизнеске айналатын өнім арқылы кірісті арттырып, экономикалық әлеуетті көтеру көзделеді.
- Қазіргі таңда әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылуда. Жобаны 2022 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді. Жергілікті әкімдік пен іскер әйелдер кеңестері де қолдау көрсетіп отыр. Жобаға шағын және орта кәсіпкерлер, іскерлік бастамасы бар кез келген тұрғын қатыса алады, – деді Сабира Құршидқызы.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларға кәсіпкерлер палатасы тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Мұндағы ортақ мақсат – белгілі бір елдімекендегі шағын кәсіпкерлердің ісін дамытып, адами капиталды, іскерлік қабілетті дамыту, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру. «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесіне қатысушылардың өнімдері бірқатар талапқа сай болуы тиіс:
- өнім (тауар) жергілікті шикізаттан жасалуы тиіс;
- өнім (тауар) өндірісі барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек;
- өнім мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігін көрсетуі тиіс;
- өнім шығаруда негізінен жергілікті шикізат қолданылып, қосымша ретінде басқа жақтан жеткізілген қажет материалдар қолданылуына болады.
Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту соңғы жылдары ерекше назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асып жатыр. Президент өз сөзінде Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды. «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларға көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысуға, өнімдердің тауар белгісі мен логотиптерін жасауға, кәсіпкерлерге маркетинг негіздерін оқытуда, бизнес процесін және бухгалтерлік есепті жүргізу, оңтайландыру бойынша, ішкі және сыртқы нарықта өнімдерін сату барысында, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдаулар (грант, лизинг, жеңілдетілген несие) туралы түсіндіруде және консультативтік көмек бойынша қолдау көрсетеді. Арнайы комиссия мүшелері қатысушылардың өнімдерін бағалап, алдағы уақытта үздіктерін іріктеп алады. Жәрмеңке соңында Палата директоры Сабира Адамбекова барлық қатысушыға іс-шара барысында белсенділік танытқандары үшін Алғыс хат табыстады.