Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сыртқы саяси қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын, дипломатиялық қызмет органдарының ортақ жүйесін басқаратын орталық орган болып табылады.
Осы ретте жыл басынан бері шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, төтенше және өкілетті Елшілермен барлық салаларды дамыту мақсатында кездесулер, форумдар, дөңгелек үстелдер, семинарлар және тағы да басқа форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, келіссөздер жүргізіліп, құжаттарға қол қойылды.
Осы ретте Министрлікпен биылғы жылдың тамызында ұйымдастырылған маңызды іс-шаралар мен оқиғаларға тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Мәселен, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу телефон арқылы Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуды, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Беларусь Республикасының Елшісі Павел Утюпинмен кездесуде мемлекеттер арасындағы және халықаралық ұйымдар деңгейіндегі екіжақты байланыстарды атап өтіп, барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолдармен шешілу қажеттігі айтылды.
«Carlsberg Kazakhstan» президенті Вячеслав Мальцевпен кездесуде аталған компанияның еліміздегі және Орталық Азиядағы қызметін кеңейту жөніндегі жоспарды, алкогольсыз сусындар өндірісі бойынша жаңа өнімдерін талқылап, оны жүзеге асыру үшін Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласын таңдалғандығы айтылды.
Бұл компания еліміздің ең ірі 50 салықшыларының қатарына кіреді және сусындар индустриясына 213 млн доллардан астам инвестиция тартқан.
Өткен жылғы және биылғы аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлардың арқасында Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дамуда. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Моника Иверсенмен кездесуде хабарланды.
Еліміздің маңызды сауда-инвестициялық әріптесі болып табылатын Германиямен тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 40 пайыздан астам өсіп, 3,9 млрд долларға жеткен. Ал инвестициялық ағындар 2020-2023 жылдары 3 есеге өскен.
Тағы бір маңызды кездесулердің бірі Францияның даму агенттігінің (AFD) делегациясымен, оның ішінде Астана қаласындағы агенттіктің жаңа өкілдігінің басшылығымен өтті.
Дамушы елдерде жобаларды қаржыландыратын Франция агенттігінің бағыты – жаңартылатын энергия көздерін дамыту және тұрақты энергетикаға көшуге қолдау көрсету болап табылады.
Тараптар өкілдіктің жұмысымен қатар, еліміздің энергетикалық кешенін дамытудағы негізгі бағыттарды, денсаулық сақтау және өңірлерді дамытудағы жаңа жобаларды талқылады.
Тамызда Ауғанстанның Қазақстандағы сенімді өкілі ретінде Мохаммад Ур Рехман Рахмани аккредиттелді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Ауғанстан дипломатиялық өкілдігінің басшысын қабылдап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастықты талқылап, Ауғанстанға көмек көрсетудегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құруды ұсынды.
Осы айдағы жағымды жаңалықтардың бірі – қазақстандық дипломат Азамат Әбдіраимовтың Финляндия Президенті Александер Стуббқа сенім грамоталарын табыстауы болды.
Кездесуде Қазақстан Елшісі еліміздің ішкі және сыртқы мәселелерінен, қолға алынған ауқымды реформалар мен жобалардан хабардар етті. Сонымен қатар, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестіктің жай-күйі мен даму қарқыны, жоспарлары талқыланды.
Одан бөлек, дипломатиялық миссиясы аяқталған Финляндияның Қазақстандағы Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханистті қабылдаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко фин дипломатына екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы белсенділігі үшін алғысын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алексей Бородавкинді қабылдауында екі ел арасындағы серіктестіктің жай-күйі мен аса жоғары және жоғары деңгейдегі алдағы сапарлардың кестесі талқыланды.
Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы министр Мұрат Нұртілеу Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы талқылады.
Сонымен қатар, Мұрат Нұртілеу Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Өзбекстан Республикасының Елшісі Саидикрам Ниязходжаевты қабылдап, екіжақты әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, Елшіге II дәрежелі «Достық» жоғары мемлекеттік наградасын табыс етіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Астанада екі ел арасындағы инвестициялық және сауда қатынастарын дамытуға бағытталған Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесі өтті.
Сондай-ақ, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усмановтың қатысуымен Қазақстан-Өзбекстан саяси консультациялары өтіп, онда сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, саяси, су-энергетикалық салалардағы ынтымақтастық талқыланды.
Қытайлық «Zijin Mining Group Co. Ltd» компаниясының төрағасы Чен Цзинхэмен кездесуде еліміздегі алтын, мыс және полиметалл кен орындарын игеру жөніндегі инвестициялық жобасын іске асыру перспективалары талқыланды.
Қытайлық компанияның инвестиция көлемі алғашында 100 млн долларды құраса, кейіннен фабрика салып, 1000 жұмыс орынын ашуды көздеуде. Одан басқа еліміздің минералды шикізат базасын ұлғайтуға ықпал ететін жаңа учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниетті.
Министр Мұрат Нұртілеу елімізге Орталық Азия елдері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуіне қатысу үшін келген БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Каха Имнадзені қабылдап, Орталық Азияның рөлі мен бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы дипломатияның маңыздылығы талқыланды.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің төрағалығымен Женевада өткен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың он бірінші шолу конференциясына Дайындық комитетінің екінші сессиясында еліміздің ЯҚТШ-ға төрағалығы аяқталды.
Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылғанына 30 жыл толған жылы аталған алаңда Қазақстанның төрағалық етуі, еліміздің сыртқы саяси беделін арттырып, қазақстандық дипломатияның рөлін арттырды.
Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы, еліміздің жаңартылатын энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатындағы кездесу Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Джун Ямадамен өтті.
Қорытындылай келе, Министрлік тарапынан екіжақты және көпжақты қатынастарды дамыту, халықаралық деңгейдегі мәселелерді талқылау, инвестиция көлемін арттыру, бейбітшілікті сақтау мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, инвесторларға қолдау көрсетіп, халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс жасауда.