Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, сондықтан да мәдениеті дамыған елдің еңсесі биік болып, өркениетті ел ретінде әлемде бағаланады.
Қазақстанда арнайы құрылған Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік, жастар және отбасы саясаты, этносаралық келісім және басқа да бағыттарды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ретінде тек еліміздің территориясында ғана емес, шет мемлекеттермен түрлі форматтағы іс-шаралар, кездесулер, келіссөздер жүргізіп, халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс жасауда.
Биылдың өзінде еліміздің мәдениет саласында халықаралық деңгейдегі әріптестік қарқынды дамып, ынтымақтастық кеңінен дамуда.
Креативті индустрияны дамыту мақсатында биылғы жылдың 23-28 тамызында Ресейде Мәскеу халықаралық кино апталығы өтіп, 47 елден 130-дан астам кино саласының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қатысты. Мәдени және іскерлік бағдарламаны қамтитын апталық арасында, 100-ден астам кинокөрсетілімдер, мастер-кластар, оқытуға және көңіл көтеруге арналған іс-шаралар, 300-ден астам шетелдік фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Апталық аясында Қазақстандық делегация креативті индустрияны қолдау, заңнамадағы жаңашылықтар мен таланттарды ынталандыру мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Мәселен, салықтық жеңілдіктер мен субсидиялаудың нәтижесінде бұл саладағы шағын және орта кәсіпкерлердің санын 6,5 мыңға жеткізу көзделсе, инфрақұрылымды дамыту арқылы креативті хабтар ашылуда. Сонымен қатар, саланы институттандыру арқылы бұл салалада үлкен жетістіктерге жеткен мемлекеттермен салыстыра отырып, мамандандырылған қор құру жоспарланған. Және де ең маңыздысы саланы цифрландыру қарқынды дамып, «Е-кино» жүйесі жұмыс жасауда.
Ресеймен бұл саладағы ынтымақтастықтың көрінісінің бірі - Ресей театр өнері институты оқытушыларының еліміздің театрларына арнап шеберлік сабақтарын өтуде. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өткен сабақта сахнада өзін-өзі ұстау, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті жайында айтылып, мамандардың қабілеттерін ашуға көмектесті.
Канадалық Fantasia Film Festival кинофестивалінде «Дала қасқырлары» фильмі жоғары бағаланып, онда басты рөлдерде ойнаған Берік Айтжанов пен Анна Старченко фестивальдің үздік актерлері атанды.
Татарстанда Ислам Ынтымақтастығы ұйымының 50-ден астам елдерінен 100-ден астам қатысушыны жинаған жаһандық жастар саммиті өтті. Онда әр елден келген жастар жасанды интеллект, жастар арасындағы цифрлық трендтер, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, жастар саясатының заманауи тетіктері мен цифрландыруды талқылады.
Саммиттің ашылу салтанатында әлем дамуындағы жастардың рөлі, олармен жұмыс жасаудағы елдердің үздік тәжірибелері мен жастармен іс-қимыл жолдары талқыланды.
Онда Қазақстанның дала демократиясының дәстүрлерін сақтау мақсатында атқарылған жұмыстары, жастармен байланыс, ел дамуындағы жастардың рөлі хабарланды.
Саммин нәтижесінде ислам әлемін қолдауға және Ислам Ынтымақтастық ұйымыны елдеріндегі жастарды дамытуға бағытталған қарар қабылданды.
Жастар саясатының негізгі мәселелері талқыланған форум Душанбеде де өтті. Қазақстан мен Тәжікстан жастарының форумы аясында жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынастарды нығайтып, жастарға қатысты өзекті мәселелерді шешу мақсатындағы стратегиялар талқыланды. Онда екі елдің жастар көшбасшыларымен қатар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Брюссельдегі жұмыс сапары барысында Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Дэвидпен кездесіп, елімізде Euronews Орталық Азия хабының өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойды. Әлемнің он бір тілінде хабар тарататын халықаралық телевизиялық жаңалықтар телеарнасы жақында қазақтың өнері, салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы modern nomads телешоуын, одан бөлек еліміздегі іскерлік және экономикалық оқиғаларды, белгілі тұлғалармен сұхбаттар ұйымдастырып, отандық БАҚ және баспасөз қызметкерлеріне арнап шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлауда.
Euronews еуропалық тұрғыдан маңызды әлемдік оқиғаларды көрсетіп, төтенше ақпарат оқиға орнынан тікелей трансляция форматында жедел түрде беріліп, үнемі жаңартылатын есеп әр жарты сағат сайын көрсетіліп, ауа райы болжамдары, қоғамдық-саяси оқиғалар туралы сюжеттер, қаржылық жаңалықтар, спорт хроникасы үздіксіз трансляцияланады.
Қырғызстанда жас волонтерлерге арналған халықаралық мектеп ұйымдастырылып, онда Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстанның волонтерлік ұйымдарынан, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдарынан 100-ге жуық адамдар қатысты.
Мектеп аясында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, еріктілік саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу, еріктілердің әлеуметтік, экономикалық, саяси салалардағы маңыздылығы мен осы саладағы ұйымдар арасындағы серіктестік бағыттары талқыланды.
Астанада Орталық Азия елдерінің БАҚ мәселелері бойынша уәкілетті органдардың Консультативтік кездесуі ұйымдастырылып, онда Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз Республикаларынан келген спикерлер медиа сауаттылықты арттыру және жалған ақпараттың таралуымен күрес тақырыптарын талқылады.
Еліміздің Ұлттық музейінде Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылып, сол елдің мәдени мұрасы, дәстүрлері таныстырылды.
Ал, Орталық музейде қытай фарфоры өнерін жан-жақты көрсетіп, ерекшеліктерімен, стилімен таныстыратын «Қытай фарфоры: мыңжылдық өнер» атты халықаралық көрме ашылды. Көрмені тамашалаушылар ежелгі Цзиндэчжэнь қаласының шеберлерінің өнерлерімен таныса алды.
Айта кету керек, екі ел арасындағы туризм және мәдениет саласындағы серіктестік қарқынды дамып, биыл Қытайда Қазақстанның туризм жылы деп жарияланған.
Одан бөлек, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Министр Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездескен болатын.
Сондай-ақ, Аида Балаева ИЫҰ Әйелдерді дамыту ұйымының атқарушы директоры, доктор Афнан әл-Шуайбимен кездесіп, отбасылық және гендерлік саясат саласында тәжірибе алмасу жолдарын қарастырды.
Мысырда өткен «Жаһандық әлемдегі пәтуа және әдеп негіздері» атты халықаралық конференцияға қазақстандық делегация қатысып, діни саланың өзекті мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, қазақстандық балалар түрлі бағыттағы халықаралық сайыстарға қатысып, еліміздің атын шығаруда. Мәселен, Австрияда өткен 19-шы Халықаралық скрипкашылар байқауында Сағадат Омарғазин жеңіске жетті. А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы байқау аясында жетекші профессорлардан сабақ алып, өнер майталмандары өнерін жоғары бағалады. Айта кету керек, конкурсқа Қазақстан, Оңтүстік Корея, Жапония, Украина, Қытай өнерпаздары қатысты.
Беларуссияда «Славян базары» өнер фестивалі аясында ШЫҰ елдерінің ұлттық мәдениеті таныстырылып, онда қазақстандық арнайы стенд ұсынылып, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері үздік шығармаларды орындады.
Өткен жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл болса, биыл мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанына 11 жыл болып отыр. Осы ретте мемлекеттер өзара байланыс бағыттарын кеңейтуге ниеттеніп, Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Ербол Әліқұлов Индонезия Білім, мәдениет, зерттеулер және технологиялар министрлігінің Мәдениет басқармасының бас директоры Хильмар Фаридпен және Индонезияның ҚР-дағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті. Кездесу нәтижесінде бейнелеу, өнер, музыка, кинематография саласындағы ынтымақтастықты қарастыруға дайындықтарын білдірді.
Словенияда өткен Еуропадағы беделді мәдени іс-шара саналатын 72-ші Халықаралық жазғы фестивальде «Астана Опера» балет труппасы «Спартак» қойылымын сахналап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы айтқанда, еліміз әр саладағы халықаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөліп, жан-жақты қатынастарды дамытуда түрлі шаралар қабылдауда.