Қазақстанның білім және ғылым саласындағы халықаралық қатынастары

Рейтинг
30.08.2024, 15:56

2022 жылдың маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді.

Бірі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, сапаны қамтамасыз ету, ғылым саласын дамыту мен осы саланы цифрландыруды қамтамасыз ететін Ғылым және жоғары білім министрлігі болса, екіншісі, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруге, қосымша білім беру мен бала құқығын қорғауға, білім саласын цифрландыруға жауапты Оқу-ағарту министрлігі.

Осы ретте білім саласындағы саясатты қос министрлік тек еліміз төңірегінде ғана жүргізбей, халықаралық қатынастарға кеңінен көңіл бөлуде.

Қазақстанның білім және ғылым саласындағы халықаралық қатынастары

Тек тамыз айының өзінде екіжақты кездесулер, келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойып, өзара сапарлар жасалды.

Мәселен, Білім және ғылым министрлігі мен еліміздің он үш университетінің өкілдері Қытайға арнайы сапармен барып, Шэньчжэнь және Дунгуан қалаларындағы білім беру мекемелерінде цифрландыру процесімен танысты.

Мемлекеттік қызметтерді жақсарту, білім беру саласының дамуындағы цифрландырудың рөлін көрсететін цифрлық трансформация көрме залына барды.

Білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Huawei компаниясының басшылығымен кездесуде, компания тарапынан қазақстандық университеттермен ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Оңтүстік зауытта және Huawei (R&D) зерттеу және әзірлеу орталығында озық технологиялармен танысып, ғылыми зерттеу бағыттарындағы ынтымақтастықты талқылады.

Одан бөлек, 70 жылдан астам тарихы бар Қытайдағы алғашқы мұнай мектебі саналатын Ляонин мұнай-химия университетінің делегациясы арнайы Қазақстанға келіп, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басшылығымен кездесті.

Ректор Н.Дулатбеков пен Ляонин мұнай-химия университетінің ректоры Го Чанги кездесуде мұнай-химия саласындағы ынтымақтастық, Университет қабырғасында ғылыми зертхана ашу, басқа да бағыттар бойынша әріптестікті дамытуды талқылады.

Нәтижесінде ғылым мен білім беру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, студенттермен алмасу, тәжірибемен бөлісуді қамтитын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қытайлық делегация Археология және этнография мұражайын, зертханаларды аралап, жас ғалымдардың жұмыстарымен танысты.

Дрондар зертханасын құру, бұл саладағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында Абай атындағы ҚазҰПУ-ға Tianjin UMS Smart Technology Co Ltd компаниясының өкілі Own Chung-Ming келді.

Own Chung-Ming дрон және роботтарды құрастырып, оны дамытуда және компьютерлік технологиядан сабақ бере отырып, бұл салаға жастардың қызығушылығын арттыруда.

Екіжақты кездесуде инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған тәжірибелермен, идеялармен алмасу үшін бірыңғай платформа құру талқыланды.

Сонымен қатар, Қытайдан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне өртке төзімді полимерлерді әзірлеумен айналысатын Қытай ғылым және технологиялар университетінің, Гонконг Политехникалық университетінің, Тунцзи университетінің профессорлары мен ғалымдары келіп, Университет ғалымдарымен бірлесіп өртке төзімділігі жоғары материалдар жасау бойынша бірлескен зерттеулер жүргізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Білім саласын дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізуде тәжірибе алмасу бағытындағы әріптестік Оңтүстік Кореямен де қарқынды дамуда. Білім және инновациялар жөніндегі жаһандық саммит аясында министр Саясат Нұрбектің Корея Республикасына сапары аясында Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) институтының Президенті Kwang Hyung lee-мен келіссөздер жүргізіп, бірлескен зерттеу университетін құру туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

Бұл өз кезегінде еліміздің жоғары технологиялары мен ғылымын дамытуға септігін тигізеді. Аталған меморандум аясында озық зертханаларды құруға, электр, кванттық инженерия, чип өнеркәсібінде зерттеулер жүргізуге назар аударылады.

Бүгінде  Shakarim University мен Kyungdong University арасында заманауи технологияларды игеруге мүмкіндік беретін қосдипломды «Smart Computing» білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама жастарға IT саласын жетік меңгеріп, жасанды интеллект бойынша терең білім алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, Университетте HUAWEI компаниясының оқу кабинеті ашылып, енді студенттер желілік қауіпсіздік, сымсыз желілер секілді бағыттарда білім алатын болады.

Сәтбаев университеті жанындағы Металлургия және байыту институты өзара білім, тәжірибе, ресурстар алмасу мақсатында Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институты (Korea Institute of Industrial Technology) ғылым және технология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Серіктестіктің басты мақсаты – ғылыми орталық құру арқылы сирек металдарды кореялық материалдармен үйлестіру арқылы қазақстандық әзірлемелерді коммерцияландыру. Бұл бағытта 10 млн доллар қарастырылса, жобаны 5 жылда жүзеге асыру көзделуде.

Ғылыми зерттеулер жүргізіп, білім саласын жетілдіру мақсатында кореялық университеттермен келісімге келген тағы да бір жоғары оқу орны – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті. Университет бүгінде Кореяның ұлттық және мемлекеттік университеттерінің арасында 9-шы орынға ие, 76 жылдық тарихы бар Конджу ұлттық университетімен (Kongju National University) Бас келісімге қол қойды.

Бұл келісім шеңберінде құрылыс, машина жасау, ақпараттық жүйелер және басқа да мамандықтар бойынша академиялық алмасулар мен қос дипломдар қарастырылған.

Машина жасау технологиясы бойынша қос дипломды мамандар даярлау туралы келісімге  Baitursynuly University мен Dong-Eui University қол қойды.

Оңтүстік Кореяның көне жеке университеттерінің бірі саналатын оқу орнымен «Көлік құрастыру» бағыты бойынша маман даярлау мақсатындағы ынтымақтастық аясында 10 студент біліп алып, Baitursynuly University үшін квота санын арттыру көзделуде.

Бұл кореялық университет әлемге танымал Hyundai автокомпаниясымен тығыз жұмыс жасағандықтан, келісімшарт аясында қазақстандық студенттер қос диплом алып, корей тілін жетік меңгерумен қатар, үздік көлік құрастыру алаңдарында тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады.

Биылғы жылы Түркия мемлекеттік университеттерінде білім алуға 300 қазақстандық студенттерге мүмкіндік берілді.

1991 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан шетелдік студенттерді қолдауға арналған Türkiye Bursları гранттық бағдарламасын бүгінге дейін 9 мыңнан астам еліміздің жастары иеленген болатын.

Ал, бүгінде Өзбекстанның Шыршық қаласында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің филиалы жаңа түлектерді қабылдауды бастады. 18 білім бағдарламасы бойынша 200-ге жуық өтінім түссе, оның басым бөлігін Жоғары Шыршық, Қыбырай, Бостандық аудандарының жастары құрайды.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу мақсатында Үндістан Республикасы Ұлттық Кадет Корпусының делегациясы бір аптаға Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне арнайы сапармен келді.

Сапар барысында делегация құрамы алдымен Өскен қаласының нысандарымен таныстырылса, одан кейін Университеттің әскери кафедрасымен, материалдық базасымен танысып, студенттермен кездесті.

Бір апта аралығында екі жақтың студенттері бірлескен сабақтарға қатысып, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Одан бөлек, Университеттің оқу зертханасымен, «Үлкен Алтай» мұражайының жұмысымен танысып, жалпы Шығыс Қазақстанның тарихы туралы мәліметтер алды.

Курсанттар әйгілі үнді жазушысы, қоғам қайраткері  көрнекті үнді ақыны Рабиндранат Тагордың бюстіне барып, құрмет көрсетті.

Университет пен Әскери кафедра арасындағы ынтымақтастық 2015 жылдан бері орнатылып, бүгінде достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында үнемі өзара сапарлар ұйымдастырылуда.

Кремний алқабының StartX акселераторының өкілдері Ғылым қорында болып, Қазақстандағы коммерцияландыру экожүйесін дамытуға бағытталған ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚУ Таиланд пен Орталық Азия елдері арасындағы білім беру және академиялық ынтымақтастыққа қолдау білдіру жобасына қатысты.

Сұхбат

PhotoRoom