«Астана-Арена» стадионында ресми ашылуы өткен көшпенділер ойынына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Татарстан, Саха Республикаларының Президенттері мен Моңғолияның бұрынғы Президенті, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЮНЕСКО, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстанның Туын алып шығып, Әнұран орындалып, қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі ұйымдастырылды.
Арнайы қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен қатысқан елдерге ризашылығын білдіріп, бұл доданы көшпенділер олимпиадасы деп атап, спорттың халықтар арасындағы достастықты нығайтудағы рөліне тоқталып, көшпенділер ойындары бабалар аманат еткен мұраны жастарға жеткізу мақсатынан туған жоба екенін айтты.
Түрлі қойылымдар арқылы халқымыздың тарихы, мәдениеті сипатталып, бұрынғы қазақ бабаларының тұрмысы мен дәстүрі дәріптелді.
Тайқазанды толтыру доданың өзгешелігі болса, ұйымдастырушылар көшпенділер ойынының символын су деп алған.
Бұл додаға қатысуға Азия, Еуропа, Солтүстік пен Оңтүстік Америкадан, Африкадан, Австралиядан, жалпы 90-ға жуық елден 2500 спортшылар мен арнайы делегациялар келді. Әлемнің спортшылары 5 күн өтетін жарысқа спорттың 21 түрінен қатысып, 100-ге жуық медальға таласатын болады.
Бір көкпардың өзінен 9 мемлекеттен 104 спортшы қатысуда, олардың құрамында Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ секілді ірі елдердің өкілдері де бар. Бұл спорт түрінен Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан көкпаршыларын 16:0 есебімен жеңді.
Ал, дәстүрлі садақ атудан 33 елден 183 спортшы бақ сынаса, оның 10 қазақстандық спортшылар. Солардың ішінде, елімізден Жәнібек Құлмырзаев алтын медальді иеленсе, Қасымхан Қанат қола медальды алды.
Аударыспақтан еліміздің намысын қорғап жатқан барлық спортшылар финалға өтіп, Ермек Құралбай, Дарын Өткелбай, Алмат Ләтіпбек алтын медальға ие болды. Жалпы бұл спорт түрінен ойын өз мәресіне жетіп, Қазақстан спортшылары 5 алтын 1 күміске ие болды.
100 келіден жоғары салмақта сынға түскен Біржан Қосалиев қарсыласы Қырғызстан спортшысы Күмушбек Қыдырәлиевті жеңіп, алтын марапатқа ие болды.
Жекпе-жек сарайында өтетін қазақ күресіне 41 мемлекеттен 274 спортшы 8 салмақ дәрежесінде сынға түспек. Бүгінде еліміздің 3 спортшысы алтын медальға ие болды.
Саха халқының ұлттық спорты саналатын мас-рестлингтен 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысып, бақ сынауда.
Асық атудан мықтыны анықтау үшін 12 мемлекеттен 39 спортшы, оның ішінде 8-і ел намысын қорғайтын болады.
Ел мақтаныштары өзбек халқының ұлттық спорты кураштан 4 күміс, 3 қоланы иемденді.
Жалпы 3 жарыс күнінің ішінде Қазақстан ұлттық құрамасы 7 алтын, 7 күміс, 9 қоланы алса, барлығы 48 медаль алған.
Айта кету керек, көшпенді халықтардың дәстүрлі спорт түрлерін атап өту үшін құрылған көшпенділер ойыны 2014 жылы Қырғызстанда бастау алып, екі жылда бір рет өткізілу бекітіліп, 2016-2018 жылдары Қырғызстанда, содан кейін 2022 жылы Түркияда өткізілген болатын.