Шымкент қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
Отырысқа кеңес мүшелері, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының м.у.а. Рүстем Танабаев, мемлекеттік органдар басшылары мен білім саласының өкілдері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көзделген бірқатар проблемалық мәселелерді қарады.
Әкімдіктің бейінді басқармалары басшыларының қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарға байланысты есептері, әлеуметтік қорғау және туризм салаларында атқарылған жұмыстары тыңдалды.
Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде спорт, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жеке талқыланды.
Р.Танабаевтың айтуынша, Департамент жұмысындағы басты басымдық әлеуметтік маңызы бар салалардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Мәселен, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау барысында бюджеттік өтінімдерді жоспарлау кезінде жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ білім беру саласындағы жүйелі жымқырулар анықталған.
Отырысқа қатысушыларға мектептерде мұғалімдердің еңбегіне ақы төлеу қорына және оқушылардың тамақтануына бөлінген бюджет қаражатының шығыстарын бақылау бойынша жасанды интеллект енгізу бойынша жұмыстар туралы ақпарат жеткізілді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде халыққа ақылы медициналық қызметтердің құнын көтерудің түрлі тәжірибесі анықталған. Мұндай тәжірибені жою мақсатында Департаменттің ұсынымымен ауруханалар мен емханаларда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнынан аспайтын ақылы медициналық қызметтер бағасының бірыңғай тарифтері бекітілді.
Сонымен қатар, спикер «Бизнеске жол», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобалары шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы, сондай-ақ Департамент пен қоғам белсенділерінің сүйемелдеуіндегі 4 құрылысы ұзаққа созылған нысан туралы хабарлады.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Әлтеев қоғамдық бақылау институтының дамуын көрсете отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға оң баға берді.