АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ

Рейтинг
16.09.2024, 21:54
АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жуырда журналистерге брифинг өткізді. Ресми жиында жыл басынан бері басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың есебі мен қорытындысы жайлы ақпарат ұсынды. Соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға ерекше тоқталды.
     2001 жылдан бері тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек мәселесінде дау аз емес. Осы жылдар ішінде әлеуметтік көмектің осы түрін тағайындаудың ережесі мен оның мөлшері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Басқарма басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Егер биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша алып қарайтын болсақ, ресми деректер республика бойынша қазір 355 300 адам немесе 67 100 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Шымкент қаласында бүгінгі күні кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз деңгейінде немесе 2024 жылдың ІІI тоқсанына орта есеппен 34 662 теңге болып белгіленсе, 7 айдың қорытындысымен 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік төлем төленген. Осылай 7 айдың қорытындысын жасаған Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға азайған.
– Қаламыздағы халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар азайған. 2023 жылдың 7 айында 11 089 отбасындағы 56 199 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. АӘК-ке өтінім берген отбасылар арасында әлеуметтік келісім-шарт жасалады. Отбасындағы жұмысқа жарамды азаматтар жұмыспен қамту шаралары, яғни оқытуға, субсидияланатын жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беріледі. Жұмыстан бас тартқан отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 11 411 азамат жұмысқа жарамды, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.
Айта кетейік, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны соңғы бес жылда 12 есеге дейін азайған. Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізудің арқасында, жұмыспен қамту нәтижесінде төмендегенін атап өтті.
Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы басты назарда екенін айтып келеді. Және осы бағытта Үкіметке түрлі бағдарламаларды, жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Сұхбат

PhotoRoom