Елордадағы ботаникалық бақтың ерекше қорғалатын аумағында құрылыс жүргізілмейді

Аймақ
04.11.2020, 12:53

Нұр-Сұлтан әкімдігі ботаникалық бақтың жасыл желексіз бөлігінде спорт орталығы салынатынын хабарлаған

Елордадағы ботаникалық бақтың ерекше қорғалатын аумағында құрылыс жүргізілмейді

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев елордадағы ботаникалыққа бақ айналасындағы мәселеге жауап берді.

«Елордадағы ботаникалық бақ ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Оның мақсаты – өсімдіктердің жаңа түрлерін өсіріп, осындағы ауа райына бейімдеу. Сондықтан бұл жерде тек ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бірде-бір құрылыс жұмысы жүрмейді», - деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі хабарлағандай, спорт орталығы саябақтың жасыл желегі жоқ бөлігіне, яғни Ботаникалық бақтың жоғарғы бөлігіне салынады. Жоба қаланың бас жоспарына сәйкес келеді.

«Ботаникалық бақтың жалпы аумағы 89,1170 гектар десек, оның 42,9 гектары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты парктің аумағына жатады. 46,3 гектар жер министрлікке қарайды. Яғни, бақтың айналасы қаланың коммуналдық меншігінде болғандықтан, нысан тұрғызу мәселесін әкімдік шешеді.  Жалпы сырттан әкелінген өсімдіктерді қолайсыз ауа райынан, қыстың аязынан қорғау мақсатында осындай концепция таңдалып, ботаникалық бақтың төрт жағы ағаштар егілген паркпен қоршалды. Яғни, қазір ботаникалық бақтың ық жерде тұрғаны дұрыс», - деп түсіндірді вице-министр.

Ерлан Нысанбаев бақтың әкімдік қарасты бөлігіне спорт нысаны тұрғызылғанымен, шу тудыратын ойын-сауық орталықтары секілді ғимараттардың салынуына жол беруге болмайтынын жеткізді.

«Дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ, осыдан 25-30 жыл бұрын ботаникалық бақтарда ешқандай тіршілік жасауға болмайды деген ұғым болатын. Ал, қазір қай мемлекетте де ботаникалық бақтар халықтың демалатын орнына айналды. Яғни, рекреация үшін де қолданылады. Ондай мысалдарды Еуропадан, Америкадан, Тайланд сияқты оңтүстік-шығыс Азия елдерінен көруге болады. Әрине, келушілер де мәдениетті сақтап, қоқыс тастамауға, ластамауға, қатты сөйлемей аралауға тырысуы керек», - деп айтты Ерлан Нысанбаев.

Айта кетейік, 2 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ботаникалық бақтың жасыл желексіз бөлігінде спорт орталығы салынатынын хабарлаған. Осыған байланысты қарсы пікір білдірген экологиялық белсенділер болды.

Сұхбат

PhotoRoom