Астанада «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» атты конференция ұйымдастырылып, онда қазіргі тұрақсыздық замандағы дипломатияның рөлі, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық, білім саласындағы әріптестік пен климаттық сын-қатерлер, технологиялық прогресс кезіндегі жасанды интеллектіні енгізу жағдайындағы стратегиялық тұрақтылық қаралды.
Аталған конференцияға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі ел арасындағы білім саласындағы әріптестікке кеңінен тоқталып, бүгінде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық жастар білім алып отырғанын айтты.
Сонымен қатар, бұл саладағы жоспарлардың бірі – елімізде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу болды.
Одан бөлек, Президент қатысушыларды еліміздегі жүзеге асырылып отырған реформалардан, Әділетті Қазақстанды құрудағы қадамдар мен ауқымды өзгерістерден хабардар етті.
Қазақ еліндегі басты жаңалықтардың бірі, Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу болып табылады. Мемлекет Басшысының айтуынша, аталған мерзімде сайлауалды бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асыруға толықтай уақыт жеткілікті.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов институттың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға алғысын білдіріп, конференция тақырыбының таңдалуына қатысты пікірін білдірді.
Жиынға Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қызмет ардагерлері, ғалымдар, мемлекеттік мекемелер басшылары, жастар өкілдері қатысты.
Айта кету керек, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын Ресей Сыртқы істер министрлігі басқарады. 18 оқу саласы бойынша білім беру бағдарламасын ұсынатын оқу орнының бүгінде Мәскеуде, Мәскеу облысында және Өзбекстанда кампустары, ал Швецарияда құқықтану бойынша білім беру орталығы бар.
Ал жақында Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – мүмкіндіктер векторы» бизнес-диалогы ұйымдастырылып, онда екі елдің министрліктері мен ведомстволарының, әкімдіктерінің басшыығы мен бизнес өкілдері қатысты.
Бүгінде Ресейдің қатысуымен 28 мыңнан астам кәсіпорындар болса, оның ішінде 4000-ға жуығы былтыр ашылған. Сонымен қатар, 26,2 млрд долларға 135 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Мәселен Түркістан облысында 1,7 млрд долларға 500 гектарға жылыжай қызанақтары өсірілсе, Қарағандыда 274 млн долларға автомобиль шиналары, Жамбылда 1 млрд долларға минералды тыңайтқыштар өндірілуде.
Бизнес-диалог барысында екі ел арасындағы саяси-экономикалық қатынастармен қатар, Қазақстан тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен мен мүмкіндіктер талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақстанның финтех-нарығы туралы презентациясы таныстырылып, бірқатар салаларда өнімді бірлесіп өндіруді ғана емес, сыртқы нарықтарда оларға сұранысты арттыру жолдарын ұйымдастыру ұсынылды.
Кездесу соңында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келісілді.