Шымкентте ІІ тоқсанда кезекші сыныптардың саны артты

Аймақ
16.11.2020, 10:03

Сонымен қатар, 300-ге дейін оқушы контингенті бар 9 мектеп қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта жұмыс істеуде

Шымкентте ІІ тоқсанда кезекші сыныптардың саны артты
Фото: Серік Қосай

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

– Шымкент қаласында І тоқсанда кезекші сыныптарда 51 196 оқушы білім алды. Ал II тоқсанда қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығына байланысты əрі ата-аналардың өтінішімен олардың саны 62 690-ға жетті. Яғни, 5-сынып қосылып отыр. Сонымен қатар, 300-ге дейін оқушы контингенті бар 9 мектеп қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта жұмыс істеуде. Одан бөлек, мектепке дейінгі кезекші топтарда 42 178 бала тәрбиеленуде, – деді Жанат Арысбекқызы.

Спикердің айтуынша, «Көкбұлақ» тұрғын алабындағы интернет мәселесін шешу үшін байланыс станциясы орнатылған. Оған қоса, аталған елді мекенде АӘК алатын 77 отбасының 181 оқушысына «Bilim al» интернет-тарифі және платформа енгізілген ноутбук берілген.

Айта кетейік, Шымкент қаласы елімізде І тоқсанның қорытындысы бойынша «Bilim Iand-Onlinemektep.org» интернет платформасы арқылы қашықтан оқытуда жəне «Күнделік.кз» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде көшбасшылар қатарынан көрініп, екінші орынды иеленді.

 

Сұхбат

PhotoRoom