Елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Тұтас халықтың басын біріктірген бастамаға 3 миллионға жуық азамат атсалысып, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осылайша қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру көзделеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Таза Қазақстан» уақытша науқан еместігін нықтап айтып, жоба жыл бойы жалғасу керектігін тілге тиек етті.
Үшінші мегаполисте аталмыш акция бастау алған сәттен ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Алғашқы «Таза өлке» апталығында қала көшелері, жаяу жүргіншілер жолдары, ирригациялық жүйелер, каналдар мен арықтар тазаланып, ағаштар әктеліп, жаңа көшеттер отырғызылды. «Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер мен мазараттар аумағы абаттандырылды. «Жасыл аймақ» апталығында саябақтар, көшелер мен аулаларда ағаштарды әктеу, шөп ору, орындықтарды сырлау, ирригациялық жүйелер мен өзен жағалауларын тазалау жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» апталығында қариялар мен ардагерлердің үйлерінде сенбіліктер өтті. «Абай» саябағында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты акцияда аталар мен немерелер ағаш егіп, ауқымды сенбілік өткізілді. Қатысушылар шөп жинап, ағаштардың түбін әктеді, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін бояды. «Мөлдір бұлақ» апталығында «Бадам», «Қошқар ата», «Қарасу» өзендерінің, «Бадам» су қоймасының жағалаулары тазартылды. Қураған ағаштар мен шөптер жойылып, арналар күнделікті тазаланып отырды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағында ауқымды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қаланың жалпы жасыл аймақтарына 210 гектарды құрайтын 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллеялар, сондай-ақ 117 гектарлық «Дендросаябақ» кіреді. Осы жылы Сәуле және Шымсити шағын аудандарында екі жаңа саябақтың құрылысы аяқталып, тұрғындардың пайдалануына ұсынылды.
Қаланы одан әрі көгалдандыру және халыққа қолайлы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында 2025 жылдың соңына дейін саябақтар санын 15-ке, ал гүлзарлар санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жоспарлар қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындар үшін жайлы, әсем серуендеу аймақтарын көбейтуге бағытталған.
Ағымдағы жылы қаланың көше абаттандыруы да ерекше назарда. Жалпы ұзындығы 36,4 шақырымды құрайтын 20 көшеде көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар шеңберінде газон егумен қатар, 52 345 ағаш көшеті отырғызылатын болады. Бұл шаралар қаланың сыртқы келбетін көркейтіп қана қоймай, оның экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаның тазалығын арттыруға ықпал етеді. Жоспар бойынша, көгалдандырылатын аумақтың жалпы көлемі 385 860 шаршы метрге дейін кеңейтіледі.
Бұл жұмыстардың барлығы қаланың экологиялық және эстетикалық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі әдемі ортаны қамтамасыз етуге бағытталған. Шымкент қаласының болашақтағы жасыл аймақтары мен демалыс орындары заманауи стандарттарға сай болмақ.