ЕСІРТКІ ЖАРНАМАЛАРЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАР ТҰРАҚТЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Рейтинг
11.10.2024, 12:48
ЕСІРТКІ ЖАРНАМАЛАРЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАР ТҰРАҚТЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғады. Соның бірі соңғы уақытта ушығып тұрған – есірткі саудасы мәселесі. Президент өз сөзінде «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», -деді.

Осы ретте Шымкент қаласының Полиция департаменті, қала әкімдігі, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Жастарға есірткінің зияны және оның қоғамға тигізер зардабы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі.

2024 жылдың 9 айында Шымкент қаласында есірткі заттарын жарнамалайтын және сатумен айналысатын 50-ге жуық ғаламтор сілтемесі анықталып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, бұғатталды. Тексеру нәтижесінде 10 жарнама түрі бойынша қылмыстық істер тіркелген.

Мысалы, 21 тамызда Тұран ауданында бірқатар ғимарат қабырғаларына есірткі сатуға қатысты жарнамалар жазылғаны анықталып, бұл факті бойынша ҚК-тің 299-1-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті полиция тергеу жұмыстарын жалғастыруда, ал күдікті тұлғаларды анықтау үшін шаралар қабылдануда.

Қала тұрғындарымен бірлесіп, есірткі жарнамалары бар қабырғалар сырланып, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрғындармен кездесу барысында есірткінің зияны мен заңсыз әрекеттердің салдары туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, бұл шараларға қазақстандық танымал әртістер мен қоғам қайраткерлері, атап айтқанда «Мұзарт» тобының әншілері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанабілов, Нұрлан Өнербаев, Серік Ибрагимов, «Alldavay» тобының солисті Шоқан Маратұлы өз қолдауын білдірді. Олар өздерінің әлеуметтік желілерінде есірткіге қарсы профилактикалық шараларға қатысып, ақпарат таратқан.

Оқушылар мен кәмелетке толмағандар арасында да есірткі заттарының зияны, оларды қолдану, сақтау және жарнамалау үшін заңды жауапкершілік туралы тұрақты түсіндіру шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Сұхбат

PhotoRoom