Шығыс Қазақстан облысында ШҚО ТЖД құтқарушылары тұрғын үйлердің иелеріне, көпбалалы отбасыларға және қарт азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп жатыр.
Тұрғын секторын аралау барысында ТЖД мамандары арнайы сильфонды аспиратормен пештерді тексеріп, тұрғын үйде қауіпті иісті газдың бар-жоғын анықтайды. Сонымен қатар, құтқарушылар арнайы датчиктерді орнатады.
«Осындай құрылғылардың дер кезінде іске қосылуы өңірде 42 адамның, оның ішінде 31 баланың өмірін иісті газдан уланудан сақтап қалуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
ШҚО ТЖД келесі ережелерді еске салды:
Жылыту маусымы басталар алдында пештерді күйеден тазарту, сондай-ақ маусым барысында үш айда кемінде бір рет, ал үздіксіз жұмыс істейтін пештерді екі айда бір рет тазарту қажет.
Барлық түтін мұржалары мен қабырғалары әктелуі тиіс.
Пештің алдына 50х70 см металл қаңылтыр қойылуы керек.
Оттықтан алынған қызған күл мен шлакты арнайы бөлінген орынға шығарып, су құйып өшіру қажет.
Пешті дұрыс орнату – пешпен жылыту жүйесінің қауіпсіз жұмыс істеуінің маңызды шарты болып табылады.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі