ЖАҢА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Рейтинг
14.10.2024, 15:55
ЖАҢА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Елдегі  медицина саласын дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауда денсаулық сақтау саласына қажетті реформалар мен жобаларды ұмыт қалдырған емес. Себебі халықтың денсаулығы өзекті мәселе. 


«Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек» деген болатын Президент өз сөзінде. 


Үшінші шаһарда да медицина саласын жетілдіру бойынша біршама ілкімді шаралар жүзеге асырылуда. Жуырда «Асар» шағын ауданында жедел жәрдем станциясының жаңа бекеті ашылды. Жаңа шағын станция халыққа жедел медициналық жәрдем қызметтерінің қолжетімділігі мен жеделдігін жақсарту бойынша қызмет көрсетеді. Аталмыш бекеттегі жедел жәрдем бригадасы қаладағы Асар, Шымсити, Тұран-1, Тұран-2 шағын аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Қазіргі уақытта қосалқы станцияда 5-бригада жұмыс істейді. Оның ішінде 1-мамандандырылған дәрігерлік, 4-фельдшерлік бригада . Бүгінде қаладағы жедел медициналық жәрдем станциясында барлығы 104 бригада жұмыс істейді, оның ішінде 28 мамандандырылған дәрігерлік, 76 фельдшерлік.


Елімізде денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының жүйелі тапсырмаларының негізінде денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын байқауға болады. Алдағы уақытта да ел халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша нақты шаралар жалғасын табары анық.

Сұхбат

PhotoRoom