Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 гектарды құрайды, халық саны 234 857 адамға жетіп отыр. Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген, 16 633 жеке үй, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ бар. Бұл туралы бүгін брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы баяндады. Аудан инфрақұрылымы толыққанды, ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтылған. Ал cанитарлық тазалау, тротуарлар мен тұрғын үйлердің қасбеттерін тиісті қалыпқа келтіру, саябақтарды көріктендіру және көгаландыру жұмыстары жалғасуда. Шаһарда қаланы абаттандыру шараларына 1 миллиард 717 миллион 971 мың 510 теңге бөлінді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнату жоспарланған.
Халық қатысатын бюджет жобасы шеңберінде 66 балалар ойын және 4 спорт алаңшасы орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңында абаттандыру деңгейі 78,3%-ға жетіп, 2025-26 жылдары 100%-ға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына демалыс орындарын ұлғайту мақсатында 2024 жылы 3 гүлзар салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты аудан әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы.
Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инфрақұрылым саласында ұдайы реформалар қажет екенін тілге тиек етті. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, оларға қолайлы орта қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей талабы.
«Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.