Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыттары негіздеп берілгені белгілі. Мемлекет басшысы бірінші кезекте өңдеу саласын жедел дамытуға назар аударып, сапалы өнім шығаратын кластерлер құру және өз нарығымызды отандық өніммен толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуді көздеп отыр.
Осы орайда, Шымкентте шығарылатын медициналық бұйымдар республикада көш бастап келеді десек артық айтқанымыз емес. Ал, осы бұйымдарды өндіретін «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-і шымкенттіктер жақсы біледі. Аталмыш компания 2010 жылы құрылған. Міне, сол тұстан бастап кәсіпорын үшінші мегаполис тұрғындары үшін, еліміздің өзге де аймағына, шет мемлекеттерге медициналық құралдарды өндіріп келеді.
Кәсіпорын директоры Жүзенова Гүлзияның айтуынша Қазақстан халқына жыл сайын медициналық тексеруге шамамен 18 дана пробирка, 2 ине жұмсалады екен. Алдын ала жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша қажет вакуумды пробиркаларды өндіруді қолға алған. Себебі көп аурулар дәл осы қан арқылы жұғатыны жасырын емес. Алғашқы өнімді 2012 жылы Корея елінен әкелінген құрал-жабдықтарды пайдаланып, алғашқы өнім шығарылды.
Бүгінде кәсіпорынның өнім ассортименті өте кең. Күре тамырдан қан сынамасын алатын 57 түрлі вакуумды пробирка мен оның қоспалары, 6 түрлі ине бар. Әлемде медицина саласы күн сайын дамып барады. Заманға сай өндіріс легінен қалып кетпеу үшін кәсіпорын басқа да бұйымдар шығарып, «СК-Фармация» арқылы саудасын жүргізіп жатыр. Әдетте медициналық өндіріс туралы айтылса, бірінші ойға келетіні дәрмек-дәрмек екені жасырын емес. Алайда, медициналық бұйымдар да өте маңызды рөл ойнайды. Мәселен, ота кезінде қанды қоюлатпай, сұйылтпай бірқалыпты ұстап тұратын арнайы пробирка міндетті түрде керек болады. Ал оны шығаратын «ЭкоФарм Интернешнл» ЖШС-і.
Бүгінгі таңда кәсіпорын отандық өндірісті қолдау бағыты бойынша, сондай-ақ, ашық конкурстарға қатысу арқылы елімізді вакуумдық пробирка, инелермен толық қамтамасыз етіп отыр. Мұндай өнім шығаратын зауыт Қазақстанда тек «ЭкоФарм Интернешнл» ғана.
Кәсіпорын Қазақстандағы барлық бюджеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық бұйыммен қамтамасыз ететіндіктен оның өндірістік қуаты да өте үлкен. Мәселен, жылына 45 млн. вакуумдық пробирка, 15 млн ине, тағы осынша данада инеұстағыш шығарады.