Түркістан облысындағы халықаралық сапарлар мен конференциялар

Рейтинг
19.10.2024, 17:32
Түркістан облысындағы халықаралық  сапарлар мен конференциялар

Түркістан облысында қазан айында халықаралық деңгейдегі бірқатар іс-шаралар, кездесулер мен жұмыс сапарлары орын алды.

Мәселен, Түркістан облысымен ынтымақтастықты дамыту, сауда қатынастарын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасының Сычуань провинциясы Мяньян қаласынан келген делегацияны облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдады.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту мәселесін талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Елімізге тартыған инвестиция көлемі бойынша Қытай үздік бестіктің қатарына енеді. Соңғы 15 жылда тартылған инвестиция көлемі 24 млрд долларды құраса, өткен жылдың өзінде Түркістанмен тауар айналымы 148,9 млн долларды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан.

Дархан Сатыбалды қытайлық делегацияны биыл 31 қазанда өтетін Халықаралық инвестициялық форумға қатысуға шақырып, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, электротехника, құрылыс салаларында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Негізінде 2000 жылдан астам тарихы бар Мяньян қаласы ғылым мен техникасы дамыған қала.

Одан бөлек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясынан келген делегациямен кездесіп, инвестициялар тарту, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласына арнайы сапармен келген Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Раушанбек Матчановпен кездесіп, екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық қарым-қатынастар мен бірлескен мәдени іс-шараларды талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары жаңадан қызметіне тағайындалған Раушанбек Матчановты қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Өзбекстанның бас консулы Ертай Алтаевқа алғыс  білдіре отырып, түрлі салаларда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен жұмысқа дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында қонаққа «Тайқазан» кәдесыйы табысталды.

Одан бөлек, Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровты облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қарсы алып, Түркістан облысының экономикалық мүмкіндіктерімен таныстырды.  

Еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асырып, халықаралық қатынастарды орнататын, шет елден инвестиция тартуға септігін тигізетін басты мекеме саналатын Сыртқы істер министрлігіне әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық, сауда, инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу қажеттілігі мол.

Сол себептен Әлібек Қуантыров облыстағы бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, инвестициялық ахуалын байқап, бизнес өкілдерімен тілдесіп, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Министр орынбасарына облыс аумағында орналасқан Өндірістік парктің жұмысы, ондағы кәсіпорындардың қызметі, өндірілетін өнім түрлері таныстырылды.

Өңірдің басты табыс көзі саналатын ауыл шаруашылығы болғандықтан, 9 камерадан тұратын, маусымына 4000 тоннаға дейін көкөніс сақтауға болатын заманауи қойманың жұмысы, одан бөлек, су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысымен, жоспарларымен танысты.

Сондай-ақ, жылына 24 мың мектеп партасын, 34 мың жиһаз өндіретін отандық жиһаз компаниясын аралап көрді.

Халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы басты іс-шаралардың бірі Түркістан облысында өтті. «Күннен – жүрекке: балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясындағы коммуникациялар» атты ІІ Халықаралық конференцияға Беларусия, Ресей, Польша, Қырғызстаннан келген кардиолог, кардиохирургтар, интервенционды кардиолог дәрігерлері балалардағы жүрек емдеудегі мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.

Түркістан облысының балалар кардиохирургиясы дамуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияда жаңа туған нәрестелерге еліміздің бас балалар кардиологы Дмитрий Горбунов күрделі оталар жасаса, бір топ білікті мамандар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізді.

Айта кету керек, Түркістан облысында жыл басынан 108 сәбидің жүрегіне ота жасалған.

Сұхбат

PhotoRoom