Қазақстанда «KazAgro & KazFarm» халықаралық көрмесі өтеді

Рейтинг
20.10.2024, 15:08
Қазақстанда «KazAgro & KazFarm» халықаралық көрмесі өтеді

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында шет мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түрлі бағыттағы келіссөздерді жүргізуде.

Биылғы жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша, астық көп жеткізілетін елдер – Орталық Азия (2,9 млн тонна), Қытай (1,3 млн тонна), Ауғанстан (127 мың тонна). Одан бөлек, астықтың 211 мың тоннасы Иранға, Ресей, Түркия мен Италияға 423 мың тонна жіберілген.

Тек Қытай еліне астықты жабық вагондарда тасымалдау көлемі 75 пайызға, астық тасығыштарда 5 пайызға өссе, контейнермен жеткізу 26 пайызға төмендеген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Қытайға астық экспортының көлемін 2 млн тоннаға, ал кейіннен жыл сайынғы экспорт көлемін 3-4 млн тоннаға арттыру көзделген.  Арпа мен жемшөп дақылдары Қытай бойынша экспортталады.

Бұл туралы Қазақстанның әлеуетімен танысуға келген Қытай делегациясымен кездесуде айтылды.

Құрамында  Қытай мемлекеттік кәсіпорнының China Grain Reserves Group ltd, Company CITIC Construction және Қытайдың ауыл шаруашылығы халықаралық алмасулар қауымдастығы өкілдері енген делегацияны Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы қарсы алып, мемлекеттік қолдаулар арқасында астық көлемінің артқанын, бүгінде 26 млн тонна астық тартылып, 3 млн тонна майлы дақыл жинау жоспарланғанын жеткізді.

Қытайлық делегация сапар барысында еліміздің нарығын зерделеп, майлы дақылдардың эскпортын қарастырған. Олардың айтуынша, China Grain Reserves Group Ltd. жыл сайын 100 млн тонна майлы дақылдарды сатып алады.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бұл бағыттағы сауданы арттыру мақсатында кездесу Аыл шаруашылығы министрі А.Сапаров Қырғызстанға арнайы сапармен барды.

Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 299 млн долларды құраса, оның 220,1 млн доллары экспортты құрайды.

Қазақстаннан бидай ұны, күнбағыс майы,макарон өнімдері экспортталса, Қырғызстан тарапы минералды су, сүт және нанды импорттауда.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі мен Қырғыз Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары - Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаевпен кездесуде айтылды.

Кездесу қорытындысымен бидайды Қырғызстанға жеткізу туралы келісімге келіп, бүгінде Азық-түлік корпорациясы алғашқы сынақ партияны жөнелтуге дайындалуда.

Сонымен қатар, сапар қорытындысымен аграрлық жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары арасында тәжірибе алмасуға, өсімдіктердің жаңа сорттары бойынша бірлесе жұмыс жасауға уағдаласты.

Ал вице-министр Ермек Кенжеханұлы Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесуде ауыл шаруашығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде аграрлық сектордағы инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруды талқылады.

2022 жылы Иранға 1 млн тонна астық эспортталып, рекордтық көрсеткіш орнаған, бұл көлемді алдағы уақытта да жетілдіру бағыттары қарастырылды.

Тараптар азық-түлік өндірісі, өсімдік шаруашылығын талқыласа, ирандықтар Қазақстанның балық шаруашылығына қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, еліміз тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдаулардан хабардар ете отырып, Ермек Кенжеханұлы Иран елшісі мен инвесторларды елімізде өтетін «KazAgro & KazFarm» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.

22-24 қазан аралығында өтетін халықаралық көрмеде 20 елден 250 үздік агроөнеркәсіп компаниялары өз өнімдерін ұсынатын болады.

Биылғы көрмедегі ерекшеліктің бірі, Германия серіктес мемлекет ретінде қатысып, 40-тан астам неміс компаниялары инновациялық өнімдерін таныстырады.

Халықаралық көрме 2 бағыттан тұрады, біріншісі KazAgro, яғни өсімдіктану болса, екіншісі KazFarm – мал шаруашылығына арналған.

Одан бөлек, Ермек Кенжеханұлы Таиланд Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрі Наруомон Пиньесинватпен кездесіп, азық-түлік қауіпсізігі, инвестициялық қарым-қатынастарды дамыту бағыттарын талқылады.

Тараптар сауда көлемімен қатар, тасымалданатын тауар номенклатураларын арттыру жолдарын қарастырды. Бүгінде Қазақстан бидай мен ұнды ірі өндірушілердің ондығына кіретіндіктен, тай тарапы бұл бағытқа ерекше қызығушылық тудыруда. Тағы да бір қызығушылық тудыратын сала – бұл балық шаруашылығы болды.

Сонымен қатар, Таиландқа ет және ет өнімдерін экспорттауға сертификаттау және рұқсат алу үшін отандық кәсіпорындардың тізімі қалыптастырылып, жолданды.

Екі мемлекеттің ғалымдарына құс шаруашылығы мен күріш өсіруде бірлесе жұмыс жасау ұсынылды.

Сондай-ақ, Ермек Кенжеханұлы Ирак Республикасының Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джабер Нажма Адбуллах Әл-Темимимен кездесті. Биыл 7 айда екі елдің ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы 672 мың долларды құраса, былтыр 1 млн долларды құраған болатын.

Иракқа ұн, ірі қара, пияз, күріш экспортталады, ал бұл кездесуде тауар айналымының көлемін арттыруды қарастырды.

Бүгінде қазақстандық тауар өндірушілер Иракқа 30 мың тоннаға дейін сиыр мен қой етін жеткізуге дайын.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді ынтымақтастықты дамытуға келісті.

Бұл ретте, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Личтің кездесуінде екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы сауда көлемін нығайту, инвестиция тарту, мамандардың біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасу бойынша келіссөздер жүргізілді.

Қазақстан Ұлыбританияға кондитерлік және ұн өнімдерін, ет және ет өнімдерін, дәнді дақылдарды, өсімдік майларын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге дайын.

Тараптар, сондай-ақ ет, сүт, жылқы өнімдерін жеткізу үшін қойылатын ветеринариялық-санитарлық тараптарды талқылап, аграрлық ғылым саласында мамандардың біліктілігін арттыруды қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін, кезеңдерін анықтау бойынша Жол картасына қол қою туралы келісімге келді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы бағытындағы өнімдер Латын Америка елдеріне де экспортталмақ. Мәселен, «AL KARAL» брендімен шығарылатын органикалық жем қоспалары мен тыңайтқыштарын Аргентина мен Бразилияға эскпорттау жоспарлануда.

Сұхбат

PhotoRoom