Мемлекет билеушінің аман-саулығын жасырын ұстау авторитарлы, әрі саяси жүйедегі ірі кландардың пісіп-жетіліп өз кезегін күтіп отырған кезеңдерде кездесіп отырады.
Президенттің денсаулығы туралы ләм-мим демей отырған мемлекеттің бірі - Өзбекстан. Екі күн бұрын Ислам Каримовтың денсаулығының күрт нашарлап кеткені жайлы жарыса жазылды. Әсіресе, Орталық Азияның ақпарат құралдары. «Өзбекстан халық қозғалысының» белсенділері ел үкіметіндегі сенімді ақпарат көздеріне сілтеме жасап, мемлекет басшысының денсаулығы 28 қаңтар күні күрт нашарлап, Ислам Каримовтың есінен танып қалғанын айтады.
Вести.kg порталына берген сұхбатында сарапшылар Каримовтың денсаулығына байланысты елді тұрақсыздық жайлайды деп болжап отыр.
«Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Өзбекстандағы оппозицияға қысым қатты көрсетілді. Соның нәтижесінде, елдегі оппозиция экстремистік мазмұнға ие болды. Бұған дейін оларды Ислам Каримов орнатқан күштік тәртіппен ғана ұстап отыру мүмкін блып келді. Енді ол мемлекет басқаруынан кетсе, елді тұрақсыздық жайлайды» деп болжайды сарапшылар.
ӨзбекстанПрезидентінің денсаулығы жиі айтылатын тақырып. 2013 жылы жергілікті БАҚ Каримов жүрек талмасын алып, ауыр халде жатыр деп ақпарат таратқан. Бірақ, Ислам Каримов ол кезде Ресейге ресми сапармен барып, дін аман екенін дәлелдеген.
Иек астында Президент сайлауы. Саяси таңдау жасау күні 29-наурызға белгіленіп қойды. Каримовтың партиясы оны үміткер ретінде ұсынып та қойған.
Мемлекеттік, басқа да ақпарат құралдары Президенттің денсаулығы жайлы мардымды ештеңе айта қоймады. Мемлекет басшысының орыстілді сайтындағы ақпараттарға көз жүгіртсек, 27-қаңтар күні АҚШ елшісін қабылдаған. Содан бері оның жұмыс кестесі жайлы мәлімет жоқ.
Ислам Кәрімовті 25 жыл тақта отыр деп қанша айыптаса да, Қазақстан үшін оңтүстіктен келетін қауіпке белгілі бір деңгейде қалқан болып отырғанын айта кету керек. Діни экстремистер мен терроршыларды әсіресе радикал, діни фанаттарға қарсы аяусыз күрес жүргізді. Өзбекстан сияқты күрделі аймақта отырып, зайырлылықты сақтау да үлкен ерлік. Оңтүстік көрші елде оппозициялық күштердің бірі – Өзбекстанның Ислам қозғалысы. Егер ондай күштер от алып кетсе, Қазақстан үшін де оңай болмасы анық.