ШЫМКЕНТТЕ «КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ» АТТЫ ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Рейтинг
21.10.2024, 20:21
ШЫМКЕНТТЕ «КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ» АТТЫ ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген құрмет пен сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады.

Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Шымкентте өткен «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форуында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай деді.

 Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған форумға зиялы қауым өкілдері, ерікті жастар мен қала тұрғындары қатысты. Көрме орталығында өткен іс-шара еліміздің Мемлекеттік Әнұрынымен басталып, онда мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталды. 

– Еліміздің егемендігі жөніндегі Декларация қабылданған 25 қазан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің бастауына айналған күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қайта жаңғырып, ұлттық мәртебеге ие болған бұл мереке мемлекеттің тұтастығы мен халқымыздың ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуде, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Рәміздер күнінде басталып, Республика күнінің қарсаңында қортындыланғалы отырған «Көк Тудың желбірегені» патриоттар форумы да осы мақсатпен керемет үйлесім тауып отыр, – деді Сәрсен Абайұлы.

Сонымен қатар форумда Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар екеніне тоқталып,  халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың, ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі екенін жеткізді.  

– Еліміздің Тәуелсіздігі мен бірлігінің символы – Республика күні баршамыз үшін маңызды. Тарихымызға көз жүгіртсек, ер жүрек батырларымыз бен ұлыларымыздың еңбегі арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Отанымыздың гүлденуі мен өркендеуі үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бүгінгі мерекеде жастардың ұлтқа деген патриоттық сезімдерінің еселенгенін анық көруге болады. Тек мерекеде емес, әлеуметтік сайыстар жиі ұйымдастырылуы керек, - деді Б.Әлтеев

Ал, белгілі журналист Бақтияр Тайжанның айтуынша, Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту – әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз.

Іс-шара барысында Тәуелсіздік құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген терең құрметті қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік ролик», «Үздік іс-шара» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған форумда Шымкент опера және балает театры мен «Шымкент концерт» ұйымының әншілері өнерін ортаға салды.

Сұхбат

PhotoRoom