ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР ШЕРУІ ӨТТІ

Рейтинг
23.10.2024, 17:17
ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР ШЕРУІ ӨТТІ

25 қазан – Республика күніне арналған маңызды іс-шаралардың бірі ретінде Шымкент қаласында «Тарих тағылымынан – тұғырлы тәуелсіздікке» атты жастар шеруі өтті. Шараны қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың "Жастар ресурстық орталығы" ұйымдастырды. Шерудің мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін дәріптеу, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау және олардың патриоттық рухын көтеру болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке» деген сөздері жастардың көңілін шабыттандырып, шеруге ерекше мән берді.
Шеру «Қазақ хандығына 550 жыл» монументінен басталып, Тәуелсіздік алаңына дейін жалғасты. Белсенді түрде қатысқан 33 жас әр оқу орнынан шыққан өкілдер болды. Бұл іс-шара еліміздің тарихи өткені мен қазіргі жетістіктері арасындағы терең байланысты көрсетіп, тәуелсіздік жолындағы күрестің маңызын жастарға ұғындыруға бағытталған. Сондай-ақ, шара ұлттық құндылықтарды бағалап, жастардың болашақтағы жауапкершілігін арттыруға үлес қосты.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Спатаевтың айтуынша, бұл шарада жастардың рөлі айрықша көрінді. Олар Қазақстанның болашағын қалыптастырып, егемендікті сақтап қалуға атсалысатын буын ретінде ерекше мәнге ие. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие беру және ел тарихына деген қызығушылықты арттыру – осындай шерулердің негізгі мақсаттарының бірі екенін баса айтты.
– Республика күні – бұл әрбір азамат үшін ортақ мереке. Шеру арқылы жастардың рухы көтеріліп, еліміздің тарихын мақтан тұту сезімі ұлғайды. Шара барысында рәміздерге құрмет артып, Отанға деген махаббатымыз одан әрі нығая түсті, – деді Марат Спатаев.
Осындай игі бастамалар жас ұрпақты елін сүйетін, мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын азамат ретінде тәрбиелеуге септігін тигізіп, олардың бойындағы патриоттық сезімді оята түсті.

Сұхбат

PhotoRoom