ШЫМКЕНТ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 300-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫНА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Рейтинг
24.10.2024, 15:16
ШЫМКЕНТ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 300-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫНА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Елімізде баспананы қолжетімді ету – Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі.


Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы қоныс тойын тойлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала  әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. 

Ұлық мереке  қарсаңында пайдалануға берілген Бозарық шағын ауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы  «2-10-20», «5-10-20»  бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген.  Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды  тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері  бар. 
Бүгінде 304 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілді. Қазіргі таңда азаматтармен сатып алу сату келісім шарты жасалуда. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында  «Отбасы банк»  АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өткізілуде. 


Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталуда. Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында  жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарлануда.


Мемлекеттік бағдарлама бойрынша үйлі болу үшін тұрғын үй кезегіне тіркелу қажет. Ол үшін Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабының талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне енуі, азаматтың тұрғылықты мекенжайы кемінде үш жыл тұрақты Шымкент қаласында болуы және өтінім беруші мен отбасы мүшелерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үйдің тіркелмеуі шарт.

Сұхбат

PhotoRoom