Боз кілемнен жасыл әлемге

Рейтинг
24.10.2024, 21:18
Боз кілемнен жасыл әлемге

Елордада «Қазақстан Барысы» турнирінің балуандары ағаш отырғызу акциясына қатысып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады.

Үркер елді мекеніндегі Асқар Забикулин көшесінде өткен шара барысында спортшылар 20 үйеңкі ағашын отырғызды. Бұл бастама турнирдің символына айналып, табиғатты қорғауға арналған маңызды қадам ретінде есте қалмақ.

Аталмыш шараға турнирге қатысушы 15 балуан мен Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова қатысты. Ол өз сөзінде бұл акцияның Республика күні қарсаңында өтуі мен спортшылардың белсенділігін ерекше атап өтті.

«Бұл көшеге өткен жылы өрт сөндіруші-батыр Асқар Забикулинге ескерткіш орнатылды, ал бүгінгі шара оның құрметіне орай өткізіліп отыр», – деді Әбсеметова.

Турнирдің қатысушысы, белгілі балуан Ерасыл Қажыбаев, бұл экологиялық бастаманың ел үшін маңызды екенін және болашақ ұрпаққа үлгі болу керектігін атап өтті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзді еске алып, табиғатты қорғауға өз үлесін қосу мақсатында ағаш отырғызу әрбір азамат үшін жауапкершілік деп санайтынын айтты. Сонымен қатар, Қажыбаев алдағы турнирге жақсы дайындықпен келгенін, жеңіске деген үмітінің зор екенін жеткізді.

Бұл шара елдегі экологиялық сана-сезімді арттыруға бағытталып, спортшылардың экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Балуандардың белсенді қатысуы жастарды табиғатты қорғауға шақырып, мемлекеттік экологиялық бағдарламаларды қолдауға ықпал етуде.

 

Айта кетейік, 2024 жылдың 26 қазаны күні сағат 12:00-де Астанада XIII Республикалық «Қазақстан Барысы» қазақ күресі турнирі өтеді.

Сұхбат

PhotoRoom