Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық форумы өтті

Рейтинг
31.10.2024, 21:28

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін шетелге кеңінен таныстыру арқылы инвесторларды тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Соның бірден бір дәлелі – отандық және шетелдік инвесторлардың және жергілікті билік органдарының қатысуымен өткен «Turkistan investment and tourism forum – 2024» халықаралық инвестициялық форумы болды.

Алдымен форумға келген қонақтар қолөнер, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесімен танысты.

Одан кейін Орталық Азия тарихи-дипломатиялық қоғамдастығының төрағасы Серік Нарысовтың модераторлығымен «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында пленарлық отырыс өтті.

Бұл отырысқа арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды форум қатысушыларына шақыртуды қабыл алып, келгендеріне алғысын білдірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы кездесулер мен маңызды құжаттарға қол қойылуының аясында барлық салада екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда.

Өңір құрылған сәттен бастап 4 инвестициялық жоба іске қосылып, қытайлық капиталдың қатысуымен жалпы құны 110 млн долларды құрайды.

Жаңа бастамалар мен инвестициялық жобаларды талқылауға арналған форумға елімізден 100-ден астам ірі компаниялар қатысса, қытайлық 120 компания қонақ ретінде шақырылған. Түркістан облысында жобаларды жүзеге асыруға инвесторлар тартуға барлық жағдай жасалған. Мәселен, инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен өнеркәсіптік парктер бар. Жалпы облыс туризм, ауыл шаруашылығы, өндіріс және басқа да салаларда инвесторлармен бірге жұмыс жасауға әбден дайын.

Одан бөлек, пленарлық отырыста Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен кәсіпкерлер сөз сөйлеп, форумның маңыздылығы, инвесторларды тартудағы мақсат пен жоспарланған жобаларға қатысты пікірлерін білдірді.

«Атамекен» ҚР ҰКП-ның Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков мемлекеттік органдармен бірлесе инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан, соның ішінде Цифрлық инвестициялық карта жайында баяндады. Инвестициялық картаға облыс бойынша 2,2 трлн болатын 100 инвестициялық жоба енгізілген.

Қытайдың бірқатар уездерінде ресми кездесулер ұйымдастырылуының нәтижесінде Үрімші қаласында «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдігі ашылған.  

Былтырғы жылғы тартылған инвестиция көлемі 972 млрд теңгені құраған.

Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық форумы өтті

Сонымен қатар, «Цифрлық трансформация», «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025», «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы» тақырыптарындағы пленарлық отырыста 301 млрд теңгені құрайтын 35 меморандумға қол қойылды. Алдағы 3 жылға өңірде жоспарланған 145 инвест жоба аясында 17 мың жаңа жұмыс орнын қалыптастырып, қосымша кірісті 100 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған.

Бүгінде облыста 49 кәсіпорын жұмыс істейтін 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ, 580 гектарға арнайы экономикалық аймақтар бар.

Дайын өнім шығаруды мақсат еткен өңірдің аудан, қала әкімдіктерінің Қытай Халық Республикасына бірнеше рет сапарлары ұйымдастырылып, нәтижесінде 1,2 трлн теңге инвестиция тартылған. Олардың ішінде текстиль кластерін құру, күн және жел электростанциясының құрылысы секілді ірі жобалар бар.  

Форум аясында, Дархан Сатыбалды 20-дан астам қытайлық кәсіпкерлермен G2В форматында кездесіп, елімізде, оның ішінде өңірде инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктерден, арнайы қарастырылған инустриалды аймақтар мен өнеркәсіптік парктен хабардар етті.

Бетпе-бет кездесулерде шетелдік инвестордың бірі жеделсаты шығаратын зауыт салуды ұсынса, екіншісі кілем, перде, түсқағаз шығаратын өнеркәсіп ашуды, сондай-ақ үлкен музыкалық субұрқақтар, электр қуатын өндіру, сиыр, тауық еттерін өндіру, ғимараттарды сыртқы жарықтандыру жобаларын ұсынды.  

Келер жылы, Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтетіндігі айтылып, оның аясында жоспарланған іс-шаралар талқыланды. Мәселен, екі Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап елдер арасындағы туризмде әжептеуір ілгерілеулер байқалған. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылында көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың әлеуеті таныстырылып, туризм саласында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылып, келіссөздер жүргізілген.

Ал, келер жылы екі ел арасында жаңа туристік бағыттардағы рейстерді ашу, бірлескен туристік маршруттар құру бағытында инвесторларды кеңінен тарту қарастырылуда.

Негізінен республика бойынша облыс өзінің тарихи ескерткіштерімен, емдік-сауықтыру орындарымен бірінші орында тұратындықтан, туризм саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, тартылған инвестиция көлемі бойынша үшінші орынды алады. Тек соңғы 5 жылда туризм саласына 800 млн доллар инвестиция тартылған. Жылдан-жылға жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы туристердің санын ұлғайту жоспарда бар. Оның бірі 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасының іске қосылуы болмақ.

Түркістанда әлемдік стандарттарға сай, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан – халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Бүгінде туристік чартерлік рейстерді ашу бойынша келіссөздер де жүргізілуде.

«Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» тақырыбында өткен сессияда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов сөз сөйлеп, өңірдің тарихи, мәдени, табиғи байлықтары туристердің қызығушылығын арттырып отырғанын жеткізіп, Қытаймен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға сенім білдірді.

Сондай-ақ, бұл пленарлық сессияда Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, «Dalaman Airport» халықаралық әуежайының директоры Хамди Гювенч, Hubei miaoshang Group Industrial Co Ltd. төрағасы У Цзяньмяо, Wuhan Xinyatu International Travel Agency Co. Ltd. бас директоры Ван Ся, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Тұрсын Әлішер баяндама жасап, туризм саласындағы ынтымақтастықтың бүгіні мен алдағы жоспарларын талқылап, ұсыныстарын берді.

Одан бөлек, облыс әкімінің орынбасарлары Нұралхан Көшеров пен Нұрбол Тұрашбеков қатысқан «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы» панельдік отырысында екі мемлекет арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, оны тереңдете түсу жолдары, бағыттары мен салалары талқыланды.

Инвестицияның басты бағыты ретінде ауыл шаруашылығы ұсынылып, бұл бағыттағы Қазақстанның жетістіктері мен мүмкіншіліктері талқыланды.

Бұл отырысқа инвестициялық компаниялардың басшылары, бизнес көшбасшылары мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Кездесуде облыс пен Қытай провинциялары арасындағы интеграцияны кеңейту жолдары талқыланды.

«Цифрлық трансформациялар» тақырыбында өткен панельдік сессияда цифрландыру бағыттарына, бұл бағыттағы өңірдің әлеуеті мен қолға алынған жобалары таныстырылды.

Отырысты ашқан Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, облыстың инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырса, Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков «Alaqan» жобасы мен оның тиімділігінен хабардар етті.

Сонымен қатар, цифрландыру саласындағы кәсіпкерлер, жас мамандар мен инвесторларға арналған «Тurkіstan IT hub» орталығының жұмысы таныстырылды.

Түркістандағы тағы бір жаңалықтың бірі – кореялық «Вусонг» университетінің филиалын ашу болмақ.

Бұл панельдік сессияда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Құрымбаев, «Hikvision» компаниясының директорының орынбасары Тимон Ма, «Intelligent flight technology» компаниясының Басқарма төрайымы Данся Сю, Өзбекстан Республикасындағы «School 21» мектебінің бас директоры Зарина Лухманова және басқалар баяндама жасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Түркістан өңірінде бүгінде өткізілген форумның мақсаты – облыстың инвестициялық әлеуетін таныстыра отырып, шет елмен байланысты нығайту.

Сұхбат

PhotoRoom