БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын Орта Азияда жеделдетіп іске асыру және Агенттіктің 10 жылдығына арналған конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан Республикаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен қатар, Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тәуелсіз комиссиясының комиссары, дипломатиялық миссия, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ еліміздің депутаттары, Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Конференция барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы қоғамның рөлі, активтерді қайтару, қызметтерді цифрландыру мәселелері мен бұл бағыттағы ынтымақтастықтың жай-күйі талқыланды.
Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали іс-шарада сөз сөйлеп, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы Орталық Азия елдерінің әріптестігіне тоқталды.
Оның айтуынша, елде бұл бағыттағы реформаларды жүзеге асырудағы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында көзделген озық стандарттар негізгі бағдар болып табылады.
Антикор Төрағасы конференция қатысушыларын мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі аспектілерімен, заңнамадағы жаңашылықтармен таныстырды.
БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Ауғанстан, Орталық Азия, Иран және Пәкістан бойынша өңірлік өкілі Оливер Штольпе бұл өңірлік платформа аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте және Заң үстемдігін құруда күш біріктіруге мүмкіндік беретінін айта келе, ведомстволар арасындағы әріптестік арқылы Орталық Азиядағы жемқорлыққа қарсы күрес үшін ынтымақтастықты кеңейту, сонымен қатар тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау тиімділігін атап өтті.
Халықаралық конференция аясында Орталық Азия елдерінің активтерді қайтару, құқықтық көмек мәселелерінде халықаралық байланыстарды нығайтуға деген мүдделілігі айтылды.
Бұл тақырыптарда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес академиясы (Гонконг) мамандары тренинг өткізді.
БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын іске асыру Өңірлік платформа шеңберінде жалғасса, ал елдер қоғамда парасаттылықты, ашықтықты дамытатын болады.
Сондай-ақ, іс-шарада Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары А. Дюсембеков, Өзбекстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры А. Бурханов, Тәжікстанның Мемлекеттік қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің директоры С. Султонзода, Қырғызстанның Бас Прокурорының орынбасары Н. Каимов, Түрікменстанның Бас Прокурорының орынбасары А. Ныязлыев баяндама жасады.
Айта кету керек, өткен жылы Өзбекстанда өткен БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын имплементациялауды жеделдету» өңірлік конференциясында аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтерінің басшылары БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жеделдетіп имплементациялау үшін өңірлік платформа құру туралы шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдарға Өңірлік платформаның Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылған.