1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық жоғарғы деңгейдегі байланыстар, түрлі форматтағы іс-шаралар мен келіссөздер, кездесулер нәтижесінде қарқынды дамуда.
Оның бірден-бір дәлелі жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары ұйымдастырылып, Италия Президенті Серджо Маттарелла арнайы қарсы алып, саяси, экономикалық, сауда, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты талқылауы болды.
Бұл сапар елдерді біріктіріп, Еуропалық Одақ аясында да түрлі салалардағы қарым-қатынасты стратегиялық әріптестіктің тереңдігіне көз жеткізуге мүмкіндік берген.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық тұрақтылыққа, бейбітшілікке, қауіпсізідікке негізделген. Бұл туралы Италия Президенті Серджо Маттарелла Республика күніне орай құттықтауында жеткізген болатын.
Жыл басында өткізілген ресми сапар қорытындысымен берілген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Миланда «Қазақстан-Италия сауда-инвестициялық мүмкіндіктері. Қазақстанға жол» атты үш күндік бизнес-форум өтті. Мақсат – елдер арасындағы бизнес пен кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру, серіктестік қатынастар орнату.
Италия-Қазақстан сауда қауымдастығы, еліміздің Италиядағы Елшілігімен қатар «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырған форумға металлургия, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, туризм, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, технологиялық инновациялар салаларындағы қазақстандық және итальяндық компаниялар қатысты.
Кәсіпкерлерден бөлек, Қазақстан тарапынан Сауда және интеграция министрі, Туризм және спорт вице-министрі, «QazTrade» АҚ Бас директоры, Италия тарапынан Сенат Төрағасы, Италия Республикасынан Еуропалық Одақ саясаты жөніндегі комиссиясының төрағасы, Қаржы комиссиясының төрағасы, Кәсіпкерлік істері және «Италияда жасалған» министрінің орынбасары қатысып, сөз сөйледі.
Форум аясында екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту, туризм саласын дамыту, инвестициялық мүмкіндіктер мен жеңілдіктер талқыланды.
Туризм саласына қызығушылық танытқан итальяндықтар, мәдениет, өнер, сән бағыттарына ерекше ден қойды.
Қазақстан-Италия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселесі талқыланған форумның екінші бөлігінде «Confindustria Accessori Moda», «Seingim», «ASTOI», «Filiera Italia», «Экспорттық-сақтандыру компаниясы» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-несиелік агенттігі» және басқа да екі елдің компаниялар басшылары қатысты.
Нәтижесінде сауда-инвестицияларды дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылған.
Бүгінде Қазақстан үшін Италия Еуропалық Одақ елдері арасындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және жетекші серіктестіктердің үштігіне кіреді. Биылғы жылдың 9 айында өзара тауар айналымының көлемі 16 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға өскен. Оның ішінде экспорт 15,1 млрд, импорт 900 млн-ды құрайды. Итальяндық капиталдың қатысуымен 278 заңды тұлға тіркелсе, инвестиция көлемі 7,6 млрд долларды құрауда.
Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары қорытындысымен берілген тапсырмаларды орындау мақсатында Астанада Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллимен кездесіп, «Орталық Азия + Италия» диалогы мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, тараптар Арал теңізі аймақтарын әлеуметтік-экологиялық жаңғыртуға бағытталған жобасын қарастырып, итальяндық тараптың Орталық Азия мен Италия арасында білім алмасу желісін құру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты бастамаларын қолдады.
Ал, Италияда тұратын қазақстандықтар, оның ішінде сол елде жұмыс істейтін азаматтар, студенттер, туристер Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты республикалық референдумнан қалыс қалмай, дауыс берді. Бұл бағытта Елшілік тарапынан дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалды.
Білім-ғылым саласындағы әріптестіктің бір көрінісі – қазақстандық дипломат Ерболат Сембаевтың Италиядағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі «Ла Сапиенца» университетінің студенттерімен кездесуі болды. Онда Елші елдегі ауқымды реформалардан, оның ішінде азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, адам құқықтарын қорғауды дамыту бағыттарымен таныстырды. Қазақстан Еуропалық Одақпен тығыз ынтымақтастықты орнатқан және Одақтағы елдер тарапынан елімізге деген қызығушылық артуда.
Сондай-ақ, Елші күн тәртібінідегі өзекті мәселелерге қатысты еліміздің позициясы мен халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның рөлінен хабардар етті.
Одан бөлек, елдің маңызды стратегиялық серіктесі саналатын Италиямен арадағы қарым-қатынастан, түрлі салалардағы ынтымақтастықтан хабардар етті.
Кездесу соңында студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Ал, Римде Астана қаласының «Дара» мектеп-лицейі оқушылары Республика күніне орай концерт қойды. Онда арнайы сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Ерболат Сембаев Қазақстанның әлемде алатын маңызды рөлін, елдегі саяси реформалар мен жетістіктерден, Италиямен арасындағы ынтымақтастықтан хабардар етті. Оның ішінде мәдениет саласындағы әріптестіктің жарқын көрінісі ретінде өткен жылы Алматыда ашылған итальяндық мәдениет институтының ашылуын, биылғы жылы Венецияда 60-шы халықаралық заманауи өнер биенналесінде қазақстандық павильон ашылуын атап өтті. Нәтижесінде әлемнің әр елінен келген мыңнан астам адам қазақтың танымал суретшілерінің жұмыстарымен танысқан.
Өз құттықтауларын «Дара» мектеп-лицейінің негізін қалаушы Сайрагүл Матайбаева, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық ұйымының президенті Раушан Сәрсенбаева да жеткізді.
Дарынды оқушылар қонақтар үшін қазақ және итальян тілдерінде әндер мен композицияларды орындап, концерт соңында қазақ тағамдары ұсынылды.
Одан бөлек, «Дара» мектеп-лицейінің негізін қалаушы Сайрагүл Матайбаева итальяндық «Плинио Сеньоре» мемлекеттік лицейімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қоюдағы басты мақсат – мектеп оқушылары мен оқытушыларына мәдени, білім бағыттарындағы іс-шараларға қатысу арқылы Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени мұраны зерделеуге мүмкіндік беру.
Меморандум аясында біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу, шет тілдерді оқытуды көздейтін семинарлар мен шеберлік сыныптар қарастырылған.
Тараптар мектеп жобалары мен конференцияларға қатысып, халықаралық тәжірибе жинай алады.
Ал, бұл өз кезегінде жастардың болашағына үлкен септігін тигізуге көмектеседі деп сенеді ұйымдастырушылар.
Жалпы, Қазақстан мен Италия арасында әр саладағы ынтымақтастықты дамыту бағытында іс-шаралар, кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.