Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы 2 ықшамаудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатында өрт болып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды (киімдер мен жиһаз отқа оранды).
Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары дүниеге бес бала қалып қойған. Олардың бәрі көз жұмды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласында болған өрт салдарынан балалардың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғыларын бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына жұбату лебізін білдірді.
Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-аналарына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.
Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді», - делінген Президенттің жеделхатында.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Жаңатастағы тұрғын үйдегі пәтердегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған.
«Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптамалардың нәтижелері бойынша жарияланатын болады», - деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев.