«ЦИФРЛЫҚ ДРАЙВЕР» ФОРУМЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Рейтинг
08.11.2024, 17:56
«ЦИФРЛЫҚ ДРАЙВЕР» ФОРУМЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Шымкент қаласында цифрландыру басқармасының ұйымдастыруымен «Цифрлық драйвер» атты форум өтті. Бұл шараға IT саласының жетекші компаниялары, сала мамандары мен сарапшылар қатысып, жақында ашылған «Shymkent Hub» ғимаратында өздерінің жаңа жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, форумда Shymkent Hub мүмкіндіктері мен қалада IT саласын дамытудағы жұмыстар кеңінен талқыланды.
   

 «Shymkent Hub» – бұл идеяларды жүзеге асыру мен тәжірибе алмасуға арналған алаң. Форумның алғашқы күні қалалық жастар ресурстық орталығында IT саласының мамандары бір-бірімен пікір алмасты. Форумның екінші күні технопаркте жалғасын тапты. Шараның басты мақсаты – цифрлық технологиялар саласында алдыңғы қатарлы идеялар мен тәжірибелерді бөлісу, қаланың IT экожүйесін дамыту, цифрлық сауаттылықты арттыру. 


Форумды Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов ашып берді. Басқарма басшысы өңірлік технопаркте тренингтер, семинарлар тұрақты түрде өтіп жатқанын, кезекті форум саланы дамытуға зор серпін беретінін атап өтті. Жалпы қала тұрғындарының осы хабқа келіп, өздерінің жобаларын іске асыруға мүмкіндіктері бар.


Іс-шара барысында «Huawei technologies», «TAP GO», «Dahua technology», «Alaqan» сияқты жетекші компаниялар өздерінің заманауи жобалары мен шешімдерін таныстырды. Форумның негізгі мақсаты – жаңа технологияларды қолдануға ынталандыру, цифрлық трансформация бойынша сарапшылар қауымдастығын құру, IT саласының дамуына қызығушылық танытқан жастар мен кәсіпкерлерді бір алаңда біріктіру. Шара аясында цифрлық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер мен әдістемелер талқыланып, қатысушыларға IT өнімдер мен жобалар таныстырылды. Әртүрлі танымдық ойындар мен көрмелер ұйымдастырылып, форум қатысушылары цифрлық жаңалықтармен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керек екенін айтқан болатын. «Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сұхбат

PhotoRoom