Шымкент қаласының қоғамдық көлік қызметін дамыту мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілді. Енді тасымалдаушыларға қойылған талаптарды бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 1,5%-дан 3%-ға дейін ұлғайды. Автобустардың аялдамаға тоқтамауы немесе кестеден 15 минутқа кешігуі/ерте келуі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауда. Жыл басынан бері бұл шаралар қала бюджетіне 424,5 млн теңге үнемделуіне септігін тигізді.
Қала тұрғындарының көптеген сұраныстарын зерделеу және талдамалық жұмыстар жүргізу нәтижесінде «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы өтетін №3 айналма маршрут пен «Оңтүстік» шағын ауданындағы №4 маршрут іске қосылды. Сонымен қатар, 22 маршруттың қозғалыс сызбалары өзгертіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестесі кеңейтілді. 9 маршруттың жұмыс уақыты түнгі 23:00-ге дейін ұзартылып, тұрғындардың түнгі уақытта қала ішінде қолайлы жүріп-тұруы қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, қала тұрғындары мен ұйымдардың көптеген өтініштерін есепке ала отырып, Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 14 жекелеген санаттағы азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілді. Жалпы жеңілдікпен 319 мың адам қамтылды. Жеңілдік карталарын алу үшін қала аумағында 4 пункттер ашылды. Пункттер Абай, Тұран, Қаратау аудан әкімдіктерінде, Әл-Фараби аланында орналасқан.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлеңкелі ақша айналымын болдырмау мақсатында қолма-қол төлеу жүйесін жойып, тек электронды түрде төлемдер жүргізуге шешім қабылданды. Осы бағытта жүргізілген талдауға сәйкес 2024 жылғы 9 айдың қорытындысымен 97% транзакциялар электрондық жүйелері арқылы (карта, QR-код, SMS), ал қалған 3% қолма-қол ақшамен төленген.
Шымкент қалсында бүгінгі таңда 80 тұрақты маршруттарда күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда. Аталған маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетіп отыр. Жалпы көліктердің саны 1150 бірлікті құрайды, оның ішінде маршруттарда қызмет көрсететін автобустар 100% GPS треккерлермен жабдықталған.
Қолданыстағы 615 автобус отын ретінде сығымдалған газ-метанды, 535 автобус дизель отынын пайдаланады. Қалада автомобильге газ толтыратын екі станциясы қызмет көрсетеді, биылғы жылдың соңына дейін «Shymkent Bus» ЖШС автопаркінің аумағындағы үшінші газ станциясын іске қосу жоспарлануда. Осылайша, автобустарды газбен толық және үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.
Түзілген шарттардың талаптары негізінде, тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасып, биылғы жылы 19 жаңа автобус сатып алынды, сонымен қатар «Shymkent Bus» ЖШС-нің 200 автобусты сатып алуға өтінімі «Өндірістік даму қоры» АҚ-мен мақұлданды. Автобустар кезең-кезеңімен 30-40 бірлікпен 2024-2025 жылдары жеткізіледі.