ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Рейтинг
20.11.2024, 11:10
ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі» тақырыбында арнайы кездесу өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. 

Шара барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң бұзушылықтардың салдарын түсіндіру және олардың алдын алу жолдары талқыланды. Студенттерге құқықтық жауапкершілік туралы нақты ақпарат беріліп, құқық бұзушылықтың өмірге тигізетін зардаптары нақты мысалдармен көрсетілді. 

Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаев жастар арасындағы қылмыстың 4,2%-ға артқанын атап өтті. Ол, әсіресе, синтетикалық есірткі саудасы және әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткеніне тоқталып, бұл үшін ауыр жазалар қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қалада 71 мобильді топ құрылып, 469 рейдтік шара ұйымдастырылғанын және 4800-ден астам түнде бей-берекет жүрген жасөспірімдердің анықталғанын айтты. 

Кездесуге арнайы шақырылған бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және кәмелетке толмағандардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру үшін барлық шараларды қабылдауды және атқарылып жатқан жұмыстарды жетілдіруді тапсырған болатын.

 «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», - деді Президент. 

Бұл сияқты іс-шаралар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететіні сөзсіз.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom