2023 жылдың соңына дейін елордадағы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешіледі деген жоспар бар – Алтай Көлгінов

Аймақ
08.06.2021, 14:15

2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үй құрылысы аяқталады

2023 жылдың соңына дейін елордадағы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешіледі деген жоспар бар – Алтай Көлгінов

Бір жарым жыл ішінде елордадағы проблемалы құрылыс нысандары екі еседен аса қысқарды. Үлескерлер мәселесін шешу мәселесі туралы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Бір жарым жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын-үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.

«2019 жылы ведомства аралық коммисияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын үй нысаны «проблемалық» деп саналған. Ол дегеніміз – 15 757 үлескер.  2019 жылы соның 10 тұрғын үй нысанын толық аяқтадық. 13 үйде тұратын 2 534 отбасы баспаналы болды. 2020 жылы 14 тұрғын-үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 2 723 отбасы үйлі болды. Енді міне, 2021 жылы 18 тұрғын үй нысанын, немесе 57 үйде тұратын 7300 отбасын «баспаналы» етеміз деп межелеп отырмыз», - дейді әкім.

Әкімнің айтуынша 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үйді аяқтап, елордадағы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешіледі деген жоспар бар. 

«Өздеріңізге белгілі ғой, кейбір үйлердің құрылысы тіпті 15-16 жылға дейін созылып кеткен. Қазір үлестік құрылыстардың кейбірін аяқтап, тұрғын үйлерді жөндеп, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіреміз, оларға жайлы, ал ең бастысы өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Міне, баспанаға қатысты осындай жұмыстар жүргізіліп келеді», - деп түсіндірді әкім.

Сұхбат

PhotoRoom