ШҚО - да иппотерапия пара ат спортшыларына жол ашты

Рейтинг
27.11.2024, 17:23
ШҚО - да иппотерапия пара ат спортшыларына жол ашты

Иппотерапия емін қабылдаған мүмкіндігі шектеулі жандар бүгінде ат спортынан пара чемпионаттардың жүлдегерлері атанып отыр.

Қазақстанға иппотерапияны алғаш болып Шығыс Қазақстандағы «Ақтай» қоғамдық бірлестігі әкелді. Бұл қоғамдық бірлестік 2013 жылы атпен серуендеу арқылы ДЦП, аутизм, сал ауруы бар балаларды оңалтуға көмектеседі деп өз орталықтарын ашты. Ал бұл иппотерапияның алғашқы ем алушыларының бірі бүгінде ҚР Ұлттық құрамасына мүше болып отырған білікті пара спортшыларға айналды.

ДЦП диагнозы бар Айғаным Ермекова иппотерапиямен 2014 жылы алғаш рет танысты. Ат үстінде үздік серуендеудің арқасында ол  Қазақстандағы паралимпиадалық атпен серуендеу спортымен айналысып бастаған және Қазақстанның атынан пара ат спорты бойынша өнер көрсеткен тұңғыш чемпион.

- Ат спортымен 2014 жылдан бері айналысып келемін. Мен Қазақстанның атынан халықаралық жарыстарға шыққан алғашқы спортшымын, — деді ҚР пара ат спортынан спорт шеберіне үміткер Айғаным Ермекова.


Иппотерапиялық оңалтудан халықаралық жарыстарға дейін жеткен Айғаным адамның қалауында, арманында ешқандай шектеудің болмайтынын көрсетті. Сондықтан спорттағы жетістіктерінен бөлек, Айғаным клинингтік қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлік ашып, мүмкіндігі шектеулі 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұрмысқа шығып, ана атанып та үлгерді.

Ал пара ат спортынан спорт шебері Райхан Баирканова иппотерапиямен алғаш 2015 жылы танысты. Содан бері ат құлағында ойнатындай дәрежеге жетті.

- Ат спортымен айналысқаныма 8 жыл болды. Иппотерапияға келіп, ат спортымен айналысып бастағаннан кейін физикалық жағдайым жақсарды. Арқамның ауырғаны басылды, бұлшықеттерім қалпына келді, — деп атап өтті ҚР пара ат спортынан спорт шебері Райхан Баирканова.


Иппотерапияны қолға алып, дамытып отырған «Ақтай» ҚБ мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры бүгінгі таңда 120 балаға оңалту қызметін және 20 шақты спортшыға пара ат спорты және спешл ат спортымен айналысуға мүмкіндік беріп отыр.

Сұхбат

PhotoRoom