Қазақстанда Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін халықаралық сапаршылармен кездесу ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісі (ЭЫДҰ СЖҚЖ) ұйымдастыруымен өткен кездесуде сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты тергеудің сапасы мен тиімділігін арттыру, тәркілеу, санкцияларды қолдануға жәрдемдесу, активтерді қайтару, заңды тұлғалардың жемқорлық үшін жауаптылығы бағыттары қаралды.
Халықаралық сарапшылармен өткен кездесуде Антикор Төрағасы Асхат Жұмағали елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырып, ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісіне кездесуге бастамашылық жасағандарына алғыс білдірді.
АҚШ Елшісі Д. Розенблюм алғы сөзінде ЭЫДҰ бірлескен жобалары аясындағы жұмыстардың нәтижесінде халықаралық ынтымақтастық дамып отырғанын, бұл реттегі ұйымның рөлін ерекше атап өтіп, еліміздегі жемқорлыққа қарсы реформаларға қолдау білдірді.
Халықаралық сарапшылар әкімшілік шаралар жүйесіне, заңнаманы жетілдіруге, бизнестің ашықтығы мен парасаттылығына қатысты ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибелерімен бөлісті.
Бір күн бойы Стамбул іс-қимыл жоспары шеңберінде қазақстандық заңнама мониторингінің 5-раундын бағалау нәтижелері таныстырылып, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ілгерілеулер аталды.
Сонымен қатар, ЭЫДҰ тарапынан ақпараттандырушыларды қорғау, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы және ол бағытта жүргізілетін мониторинг нәтижелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның, прокуратура мен соттың тәуелсіздігін нығайту мәселелеріне қатысты ақпарат берілді.
Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тәжірибе алмасу мақсатында Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали Катар мемлекетіне жұмыс сапармен барып, онда құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесті.
Мәселен, Катар мемлекетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Хамад бен Насер Әл-Миснедпен кездесуде орган жұмысымен таныса келе, жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы, оқыту курстарын өткізу, жемқорлыққа қарсы озық тәжірибелерді іске асыру бойынша бірлескен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Одан әрі, Ішкі істер министрі шейх Абдулазиз бин Файзал бин Мухаммед Әл-Танимен кездесуде қылмыстық қудалау аясындағы бірлескен жобалар, бұл бағытта тренингтер өткізу жолдары қаралды.
Өзара құқықтық көмек көрсету, мүлікті тәркілеу, активтерді қайтару мәселелері бойынша кездесу Бас прокуратураның орынбасары Рашид Әл-Биналимен және Әділет министрінің орынбасары Сұлтан Абдулла Әл-Суэйдимен кездесуде талқыланған.
Осы сапар аясында Асхат Жұмағали Иорданияның Жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшысы Муханнад Хиджазимен кездесіп, тараптар жемқорлықтың алдын алу, мүлікті тәркілеу, заңсыз активтерді қайтару бағыттарындағы ынтымақтастықты көтерді.
Кездесу қорытындысымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылып, бұл бағыттарда тәжірибе алмасу келісілді.
Тағы да маңызды кездесу Халықаралық жемқорлыққа қарсы академияның ректоры Слагана Тасевамен ұйымдастырылып, онда Агенттік қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қатысты оқытулар, семинар-тренингтер өткізу, магистратурада оқу мүмкіндіктерін, бірлескен жобалар мен оны жүзеге асыруда халықаралық сарапшыларды тарту жолдары қарастырылды.
Жалпы еліміз жемқорлықтың алдын алу, оны жою бойынша шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынастар орнатып, түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастыруда.