Токио Олимпиадасында жүлде алған спортшыларға қанша сыйақы беріледі

Жаңалықтар
02.07.2021, 18:35

Спортшылардан бөлек, мемлекеттің марапатына олардың жаттықтырушылары да ие болады

Токио Олимпиадасында жүлде алған спортшыларға қанша сыйақы беріледі

Токиода өтетін Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген спортшылар 250 мың доллардан алады. Бұл туралы Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы үкімет қаулысымен әр спорт түрі бойынша Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен бапкерлеріне берілетін сыйақы мөлшері бекітілді.

«Осы құжатқа сәйкес, бірінші орын үшін спортшы мен оның бапкеріне 250 мың доллардан беріледі. Соның ішінде жаттықтырушының төлемақысынан 10%-і спортшының алғашқы бапкеріне, 80%-і спортшыны дайындаған бапкерге беріледі. Қалған 10%-і осы спорт түрінен команданың бас бапкеріне төленеді. Ал екінші орынға – 150 мың доллар, үшінші орынға 75 мың доллар беріледі», - деді ол.

Биыл Токио Олимпиадасында Қазақстанның намысын 95 спортшы қорғайды. Министр коронавирус пандемиясына байланысты Олимпиададағы ресми делегацияның саны қысқарғанын айтты.

16 шілдеде қазақстандық спортшылардың алғашқы тобы Air Astana рейсімен Токиоға аттанады. Екінші топ 27 шілдеде ұшады. Қазір ҰОК қазақстандықтарға Олимпиаданы отандық телеарналардан көруге мүмкіндік жасау үшін келіссөз жүргізіп жатыр.

Олимпиада ойындары Токиода былтыр өтуге тиіс еді, алайда пандемияға байланысты шегерілді. Енді осы жылы дүбірлі дода 23 шілдеден 8 тамыз аралығында өтеді.

Сұхбат

PhotoRoom