Алматыдағы медициналық университет қызметін тоқтатты

Жаңалықтар
03.07.2021, 16:13

ЖОО студенттері басқа оқу орындарына ауысты

Алматыдағы медициналық университет қызметін тоқтатты

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті қызметін тоқтатты. ҚазМҮББ-нің барлық студенті басқа медициналық жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Ауысу соңғы екі айда жүзеге асырылды. Енді түлектер оқуларын жалғастырып, жоғары білім туралы диплом ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуір айында Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін бас лицензиясынан айыру туралы сот шешімі заңды күшіне енген болатын.

«ҚазМҮББУ-да 3 500-ге жуық адам білім алды. Студенттердің басым бөлігі Алматы қаласының медициналық жоғары оқу орындарына ауысты. Кейбір студенттер оқуын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларындағы медициналық жоо-ларда жалғастырды. Ауысу барысында қабылдаушы жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау және оқу нәтижелерін бағалау кезінде ҚазМҮББУ тарапынан жіберілген бұзушылықтарды жоюға тура келді. Ауыстырылған 111 студенттің жеке құжаттарында талап етілетін аттестаттар мен оларға қосымшалар болмады. Кейбір студенттердің ҰБТ-дағы сертификаттары да болған жоқ», - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Сондай-ақ ҚазМҮББУ студенттерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кейбір магистранттардың пререквизиттерден өтпей оқығаны анықталды. Сонымен қатар студенттер қабылдау кезінде міндетті тестілеудің кейбір элементтерін тапсырмаған. 

ҚазМҮББУ бітіруші курс студенттері мемлекеттік стандарттың міндетті пәндерін толық көлемде оқымаған. Бірқатар негізгі пәндер мүлдем игерілмеген. Мәселен, «Фармация» қысқартылған бағдарламасы бойынша оқыған студенттер тиісті 120 кредиттің орнына тек 78-ін ғана оқыған.

«ҚазМҮББУ жіберген осы және басқа да бұзушылықтар студенттерді басқа медициналық жоғары оқу орындарына ауыстыру процесін тежеді. Бүгінгі таңда бұл мәселелер шешіліп, білім алушылар басқа университеттерде оқуын жалғастырды. Қабылдаушы жоғары оқу орындары білім алушыларға академиялық айырмашылықты игеруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ олар студенттерге жетіспейтін құжаттарды қалпына келтіруге, оқудағы олқылықтардың орнын толтыруға және биылғы оқу жылын уақытылы аяқтауға көмектеседі», - деп атап өтті ҚР БҒМ комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Сұхбат

PhotoRoom