ШҚО-да Ғылым жөніндегі бірінші өңірлік кеңес өтті

Рейтинг
28.04.2025, 18:34
ШҚО-да Ғылым жөніндегі бірінші өңірлік кеңес өтті

Бүгін Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында алғашқы өңірлік ғылым кеңесі өтті. Оның басты мақсаты – ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайту, Шығыс Қазақстан облысының ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру. Кеңес облыс әкімдігі мен техникалық университеттің тікелей ынтымақтастығы арқылы құрылды. Қазіргі таңда өңірде бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр, Шығыс Қазақстан ғалымдарының көптеген жаңалықтары өндірісте қолданылуда. Сол себепті қазіргі уақытта ғылыми орта мен өндіріс арасындағы байланысты қолдап отыру өте маңызды, бұл ғылыми идеялар мен жобалардың өмірде жүзеге асуына септігін тигізеді.

– Кеңес билік, ғылым және бизнес арасындағы диалог алаңына айналады. Егер біздің ғалымдар мен өндіріс саласының өкілдері бірлесе жұмыс істейтін болса, ғылыми идеяларды тәжірибеге енгізіп, өндірісте жаңа жетістіктерге қол жеткізуге болады деген сенім бар, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Кеңес өңірлік мәселелер мен міндеттерді ескере отырып, ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындауға стратегиялық функция атқарады, ғылыми қызметте практикалық бағытты күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, отырыстар барысында қатысушылар қосымша қаржыландыруды немесе ведомствоаралық келісімді қажет ететін бастамалар, ғылыми жобалар мен бағдарламаларды талқылауға шығара алады.

Шығыс Қазақстан облысындағы алғашқы өңірлік ғылым кеңесінің аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Қорғаныш және функционалдық қаптамалар» жастар ғылым орталығының ашылуы өтті.

Сұхбат

PhotoRoom