Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған несиелендіру бағдарламасы аясында «Исмаил» шаруа қожалығы Ұлытау ауданында суармалы егіншілікті дамыту бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Аталған бастамаға жалпы сомасы 637,9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
Жобаның мақсаты – аймақтағы ауыл шаруашылығын жаңғырту және өнімділікті арттыру. Алынған қаржы есебінен 400 гектар жерге арналған заманауи жаңбырлатып суару қондырғылары, ауыл шаруашылығы техникалары, қажетті жабдықтар және инфрақұрылым нысандары сатып алынып, орнату жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Суару жүйелерін орнату сәтті аяқталып, техникалық жабдықтар толық жеткізілді. Жоба 2025 жылдың шілде айында толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Бұл бастама ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоспақ. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Анықтама үшін:
«Исмаил» шаруа қожалығы – Ұлытау ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан белді қожалықтардың бірі. Қожалықтың негізгі бағыты – егін шаруашылығы мен мал азығын өндіру.