Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде мінез-құлық қауіп факторларының, оның ішінде темекі шегудің профилактикасын арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.
Мәселен, қоғамда 100% түтінсіз ортаны енгізу, жарнаманы бақылау, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу түрінде темекі өнімдерін тұтынуды азайту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделген. Алайда, темекі шегумен күресудің ең танымал әдісі салық шаралары. Қоғамдық орындарда темекі шегуге, жарнамаға тыйым салу және өзге де шаралар темекі тұтынушыларының қатарын азайтуға бағытталған.
Мәселен, әлем бойынша барларда, мейрамханаларда және жұмыс орындарында шылым шегуге толық тыйым салған алғашқы ел – Ирландия. Тиісті заң 2004 жылғы 29 наурызда күшіне енді. Заңның мақсаты – халықты пассивті шылым шегудің зиянды әсерінен қорғау және қоғамдық орындардың экологиялық жағдайын жақсарту болды. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша Ирландияның бұл жаңашыл бастамасы әлемнің көптеген елінде осындай тыйымдардың енгізілуіне түрткі болды.
Қазақстанда темекі өнімдерін тұтынуға шектеу 2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 110-бабымен реттеледі. Бұл заңнамалық актіге сәйкес темекі өнімдерін, соның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісін, кальян қоспасын және темекіні қыздыру жүйелерін қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған.
Тыйым салынған орындарға мыналар жатады:
• білім беру ұйымдарының аумақтары және кәмелетке толмағандарға арналған демалыс орындары;
• денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдары;
• түнгі клубтар, дискотекалар, қоғамдық тамақтану орындары;
• қоғамдық көлік, әуежайлар, теміржол, автомобиль және су вокзалдары ғимараттары, жабық қоғамдық көлік аялдамалары;
• мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, жұмыс орындары.
Сонымен қатар АЖС (жанармай құю станциялары) аумақтарында, тұрғын үйлердің кіреберістерінде, балалар алаңдарында және көлік құралында кәмелетке толмағандар болған жағдайда темекі шегуге тыйым салынған.
Шылым шегуге қарсы күрес шараларының бірі ретінде темекі өнімдерінің бағасын көтеру енгізілді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда темекінің ең төменгі бөлшек бағасы өсті.
Темек шегуге қарсы шаралардың әлемдік тәжірибесі ретінде Мексикада шылым шегуге қарсы күрес жөніндегі заңдар 2008 жылдан бері қолданыста. 2023 жылдың басында күшіне енген соңғы өзгерістер бұл заңды әлемдегі ең қатаң темекіге қатысты заңдардың біріне айналдырды.
Campaign for Tobacco-Free Kids құқық қорғау ұйымының деректеріне сүйенссек, бұл өзгерістерді 2022 жылғы 17 ақпанда Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор заңға енгізді. Өзгерістерге сәйкес барлық жабық қоғамдық орында, сондай-ақ кейбір ашық кеңістіктерде (автобус аялдамаларында, саябақтарда, концерт алаңдарында, спорттық жарыстарда және халық көп жиналатын басқа да жерлерде) темекі шегуге толық тыйым салынды. Бұл тыйым электрондық шылымдар мен қыздырылатын темекі өнімдеріне де қатысты.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, өңірде темекі шегуге қарсы іс-шаралар кешенді түрде арнайы жоспарға сәйкес ұйымдастырылып келеді. Мысалы, жыл басынан бері темекі өнімдеріне қарсы сыртқы жарнамаларды шығару (түстіжарықты дисплей, баннерлер, билбордтар, ақпараттық бағаналар, Roll-up бағаналар және т.б.) шаралары бойынша барлығы 43 сыртқы жарнама орналастырылған. Сонымен қатар дәл осы алты ай көлемінде облыс бойынша барлығы 506 ашық есік күні, дөңгелек үстел және флешмоб ұйымдастырылған. Темекі шегудің алдын алу бойынша түсіндірме жүргізу бағытында өңір көлемінде барлығы 666 семинар ұйымдастырылып, құнды ақпарат ұсынылды. Дәл осы шаралар тұрақты түрде арнайы түзілген жоспарға сәйкес өткізіліп келеді.