Өскемен қаласында 21 шілде күні Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Қытайдың Guangdong Huaxintao Group Co., Ltd. компаниясы арасында өнеркәсіптік қатты минералдық қалдықтарды экологиялық таза түрде қайта өңдеу жобасын іске асыру бойынша бес жылдық меморандумға қол қойылды.
Жоба аясында өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату үшін заманауи технологиялар енгізіліп, пайдалы компоненттер алынатын болады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан минералдық ресурстарға бай өңір, сондықтан мұндай бастамалар экологиялық мәселелерді шешуге және тұрақты «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Тараптар жобаны халықаралық стандарттар мен Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға келісті. Меморандумда жергілікті мамандарды жұмысқа алу, инфрақұрылымды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне басымдық берілген.
Қытайлық әріптестердің жабдықтары мен технологиялары қоршаған ортаға түсетін техногендік жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.