5 тамыз – Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесі. Бұл күн қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқаратын мамандардың еңбегіне көрсетілген құрмет.
Медиацияның негізгі мақсаты – этносаралық қатынастар мен жалпыұлттық бірлік саласында татулық пен келісімді сақтау. Медиаторлар халық арасындағы тұрмыстық жанжалдар мен дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге, қоғамда толеранттылық пен тұрақтылықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Атаулы күнге орай Ұлытау облысында облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Ұлытау облыстық сотының судьялары, облыстық прокуратура мен полиция өкілдері, Ұлытау облыстық билер кеңесі, Халықаралық медиация орталығының өңірлік өкілдігі, қоғамдық ұйымдар, Аналар кеңесі және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлегендер медиацияның қоғамдағы рөлі мен билер сотының тарихи маңыздылығына тоқталып, бітімгершілік дәстүрінің қазіргі кезеңде жалғасын тауып отырғанын атап өтті.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – әділеттілікті қамтамасыз етудің басты құралы. Тарихта билер соты арқылы даулар бейбіт жолмен шешіліп, қоғамда татулық пен әділдік салтанат құрған. Билер шешімі тек заң аясында ғана емес, даналық пен адамгершілікке негізделген.
Бүгінде осы дәстүр медиация арқылы заманауи сипатқа ие болды. Дауларды соттан тыс шешудің бұл тиімді әдісі қоғамда бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау ісінде маңызды орын алуда.