Абай облысы, Қарауыл ауылында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекеге келген қонақтардың бірі балаларын жоғалтып алған.
Мерекелік шараға жүздеген тұрғындар мен қонақтар жиналған сәтте, Ұлттық ұланның патрульдік тобына жергілікті тұрғын Әбілғазин жүгініп, 11 жастағы Айзере мен 9 жастағы Мансур есімді балаларын жоғалтып алғанын хабарлады.
Бұл күні әскери жасақ қоғамдық тәртіпті қадағалап, ауыл тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрді. Балалардың жоғалғаны жөнінде хабар алған сәтте-ақ, олар халықтың көптігі мен қызу мерекелік бағдарламаға қарамастан, дереу іздестіру жұмыстарын бастады.
Әскерилердің шұғыл әрекетінің арқасында Іздеу көпке созылмады: балалар патруль бағытының бойынан табылып, сәл шошынғанымен, дін аман еді. Олар бірден ата-анасына жеткізілді.
Айта кетейік, 5518 әскери бөлімінің 150-ден астам ұландықтар Қарауыл ауылында өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шарада қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп жүр.