Сарыағаш ауданында заманауи спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тағы бір әлеуметтік нысан іске қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және жастарға арналған спорттық нысандардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Құркелес ауылдық округінде заманауи спорт алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудан депутаттары, ауыл әкімі және жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімі көпшілікті мерекемен құттықтап, жаңа нысан ауыл тұрғындары үшін қызмет ететінін жеткізді.
– Бұл – мемлекетіміздің жас ұрпақты қолдауға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатының жарқын мысалы. Спорт алаңшасы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді. Біз осы алаңдардан болашақ чемпиондардың шығатынына сенімдіміз, – деді Арман Абдуллаев.
Құркелес елді мекенінде салынған жаңа спорт алаңы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Аталған нысанда кіші футболға арналған арнайы алаңша, workout аймағы, сондай-ақ ойын алаңшасы орнатылған. Жобаның құрылысын «Сәулет 2012» ЖШС жүргізді.
Қазақстанда дене шынықтыру сабақтарынан бастап халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға дейін тең қолжетімділікті құру бойынша спорт саласын дамытуда дәйекті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін насихаттау, инфрақұрылымды жаңғырту және жаттықтырушылар құрамын қолдау басымдыққа ие болып қала береді.
Мемлекет басшысы спорт туралы сөйлеген сөзінде: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», деген болатын.
Футбол инфрақұрылымын жаңғырту жаңа бағыт алды. Атап айтар болсақ, Қызылорда, Орал, Түркістан, Жетісу және басқа өңірлерде стадиондардың құрылысы мен реконструкциялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал Астана, Шымкент, Ақтау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа жобалар пысықталып жатыр. Сондай-ақ, УЕФА стандарттарына сай келетін алты стадионды салу жоспарға енді. Сонымен қатар балалар спорт алаңдарының құрылысы басталып, басым бөлігі ауылдық жерлерге бөлінді.
Барлық қабылданып жатқан іс-шаралардың мақсаты – чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу мен ұлт денсаулығын нығайтуда қабілеті тұрақты, тиімді және баршаға қолжетімді спорт жүйесін құру.
«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.